Оқушыларды тасымалдауға 100 автобус бөлінді
Алматыда биыл 30 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барады. Мектептен қашықта тұратын бүлдіршіндер үшін, арнайы автобус қатынайды.
Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты.
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында қаладағы барлық мектеп дабыл түймесі, туринкет, бейнебақылау жүйесімен толықтай жабдықталады.
Қала тұрғыны Гаухар Керімбаеваның екі баласы биылғы оқу жылынан бастап, 162-мектеп-гимназияда білім алады. Алыста тұратын ата-ана балаларын қоғамдық көлікпен таситын. Мектеп автобусы шыққалы, жұмысымыз жеңілдеді, дейді Гаухар Керімбаева.
Гаухар Керімбаева, қала тұрғыны:
- Осы мектепте развозка шықты дегенге қуанып, балаларымды екеуін де осы мектепке беруге шешім қабылдадым. Қоғамдық көлікке баланы жалғыз өзін отырғызбайсың ғой. Сол себепті бір адам жұмыстан шығып, баланы тасу керек болады. Қазіргі развозкада баланы отырғызып жібереміз де өзіміз жұмысқа бара береміз.
Сәуле Сайдикеева, С.Байжанов атындағы №162 мектеп-гимназияның директоры:
- Бірінші маршрутымыз сағат 7:15-те басталады. Сол маршрутты мектепке алып келіп, автобусымыз екінші рейске шығып, 07:35-те екінші балаларды қамтып отырады. Сабақтан кейін де жеткізіп тастайды. Күні бойы түске дейін екі рет, түстен кейін екі рет барып қамтып отырады.
100 мектеп автобусы 20 және 40 орындық. Жалпы 7 аудандағы 30 мектептен 7 мыңнан астам баланы тасымалдайды. Ол үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп автобустарында 279 бейнебақылау орнатылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көрсетілетін көмек көлемі айтылды.
Ләззат Жылқыбаева, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы:
- «Жалпыға міндетті оқу» қорынан мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін әр балаға 43 мың теңгеден халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 15 653 баланың ата-аналарының шоттарына жолданды. Бүгінгі таңда бұл мақсатқа 673 млн теңге қаржы бөлінді.
Қалада 303 мыңнан аса оқушы тегін оқулықпен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіледі. Ал 133 мыңнан астам оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі. Ол үшін 20,4 млрд теңге бөлінді.