Ақмола облысында білім ошақтары жаңартылып жатыр
Ақмола облысында соңғы үш жылда 282 білім ошағы жаңартылды.
Яғни мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық базасы нығайтылған. Бұған республикалық және жергілікті қазынадан 7 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір аймақтағы барлық білім ошағы жаңа оқу жылына қамданып жатыр.
Бұл Зеренді ауданына қарасты Шағалалы орта мектебі. Қазір мұнда 400-ге жуық балғын білім алады. Оқушылар саны жыл санап артып келеді,-дейді мектеп директоры. Айталық, оқу ордасы 2022 жылы күрделі жөндеуден өтіп, сыныптар заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Нұршәріп Жәнібек, Шағалалы орта мектебінің директоры:
- Қазіргі жағдайда мектебіміздің техникалық базасы бойынша компютер жағынан 80 пайыз қамтылған. Яғни бізде 27 оқу кабинеті бар. Соның 20-сында заманауи техникалар қойылған. Мектебіміздің сапасы жақсы. Техника жағынан болса да, оқулық жағынан болса да қазір білім сапасы бойынша рейтинг жүріп отырады. Соңғы оқу жылының қорытындысы бойынша біз аудан бойынша 3-орын алдық.
STEM-зертхана, теле студия, робототехника. Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылының оқу ошағы қала мектебінен кем емес. Жаңартылған білім ордасында оқушылар көбіне практикалық тұрғыда шыңдалады. Компютер құрастырып, ғылыми жобалармен айналысады.
Серікбай Мусин, Қатаркөл орта мектебінің директоры:
- Біз жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз. Біздің мектепте оқушылардың өзара қабілеттерін шыңдауға барлық мүмкіншілік қарастырылған. Сондай-ақ біз Астанадағы және Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен де байланыс орнаттық. Біздің ұстаздар сол мектептерде өз біліктіліктерін шыңдап келді.
Жалпы 2025 жылға дейін аймақтағы 470 мектепті жаңарту жоспарланған. Басты басымдық – қауіпсіздік шараларына беріліп отыр. Яғни күрделі жөндеу аясында білім ошақтарындағы бейнебақылау камераларын көбейтіп, турникеттер орнатылады.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко