Павлодарда өлкетану академиясы ашылды

Павлодарлық оқушылар Ертісте кемемен саяхаттау мүмкіндігіне ие болды.

Ерекше экспедиция өлкетану академиясы аясында ұйымдастырылды. Жобаға қатысушы жасөспірімдер өңірдің табиғаты, жануарлар дүниесі мен тарихын зерттеп, білім алды.

Бір топ оқушы 50 жылдық тарихы бар шағын кемемен жолға шықты. Жеткіншектер таңның атысынан кешке дейін өлкетанушы, тарихшы, географ, геолог мамандардың қамқорлығында.

Осылайша, мектеп бағдарламасында кездеспейтін маңызды ақпараттарға қанық болып, қызықты дәрістерге қатысады. Мамандардың басты мақсаты – оларды өлке тарихы, табиғатымен таныстыру.

Надежда Ларина, геолог:

- Балалар табиғат аясында жүріп, дәріс тыңдайды. Біз Ертіс өзенінің пайда болуы, бұл жерде мекендейтін жануарлар, балықтар әлемі туралы айтамыз. Ежелгі тарихы туралы да мәліметтер жетерлік. Балалардың қызығушылығы жақсы. Дәрістерді сыныпта емес, ашық аспан астында өткізудің тиімділігі зор.

Осы жолы геолог мамандар балаларға Ертістің ежелгі тарихы, миллиондаған жыл бұрын пайда болған тіршілік иелері туралы ақпараттарын ұсынды. Мағлұматтар сөзбен ғана емес, көне жәдігерлермен де толыға түсті.

Диана Махова, өлкетану академиясының қатысушысы:

- Таза ауада серуендеп жүрміз. Осындай кемемен бірінші рет жүздім. Алдымен судағы қауіпсіздік ережелері туралы білдік. Сосын Павлодар қаласының пайда болуы, табиғаты туралы көптеген қызықты деректер айтылды. Бізге бұл аса қызық.

Айша Сағат, өлкетану академиясының қатысушысы:

– Мен тағы да сол Ертіс туралы білгім келеді және жаңа ақпараттар алғым келеді. Ол өте қызықты. Ертіс туралы аңыздарды білмеймін. Бірақ, бізге айтады.

Өлкетану академиясы осымен алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында жүздеген жеткіншек Ертіс өңірінің тарихы жайында білімдерін молайтты. Олардың арасында геолог, географ, тарихшы сияқты мамандықтарды таңдағандары да бар.