Павлодарда кәсіптік білім беру ұйымдарының Тамыз кеңесі өтіп жатыр
Павлодарда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өкілдерінің, тамыз кеңесі басталды. Республикалық деңгейдегі дәстүрлі жиынға, колледждердің 600-ден астам оқытушысы келіп, диалог алаңында тәжірибе алмасып жатыр.
Тамыз кеңесі «Техникалық және кәсіптік білім: заманауи тренд және мүмкіндіктер» бағыты бойынша өтіп жатыр. Дәл қазір еліміздің 19 өңірінен келген делегаттар ақпараттық технологиялар колледжінде жиналып, тәжірибе алмасуда.
Конференция жұмысы төрт секция бойынша өтуде. Мамандардың басты мақсаты – заман талабына сай сапалы білім берумен қатар, жұмыс берушілердің талаптарына сай кадр даярлау. Ол үшін оқу үрдісінің мазмұнына өзгертулер енгізіліп, дуалды білім беру бағдарламаларын жетілдіруге басымдық берілген. Яғни, студенттер үшін бірінші кезекте тәжірибелік дағдыларды дамытуға жағдай жасау.
Дуалды білім беру бағдарламасы елімізде 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол кезден бері халықаралық тәжірибе мен озық әдіс-тәсілдерге басымдық берілген. Дегенмен, мамандардың айтуынша, әр өңірдің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескерген жөн. Оқу бағдарламалары да осыған бағытталуы тиіс. Ол үшін әр колледжге академиялық дербестік берілген.
Тамыз кеңесі ертең де жалғасын таппақ. Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздегі 800-ге жуық колледжде дуалды бағыт бойынша 61 мыңнан астам студент оқиды. Оқу орындары 6000-нан астам кәсіпорынмен әріптестік орнатып, олардың тапсырысымен маман даярлайды. Дәл осы бағыттарды жетілдіру мәселелері екі күн бойы талқыланады. Кейін ұсыныстар жинақталып, салалық министрліктің қарауына жолданады.