Астанада жас ұстаздар форумы өтіп жатыр
Елордада жас мұғалімдер бас қосты. "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы ұйытқы болған, республикалық форумға 200-ге жуық маман қатысты.
Оның ішінде әзербайжандық делегация да бар. Олар білім беру жүйесіндегі қазақстандық әдісті үйрену үшін келіпті.
Жалпы қатысушылардың барлығы, ауылдық жерде білім берудің әлеуетін дамыту аясындағы жобаға, атсалысып жатқан мектептерде жұмыс істейді.
Форумда кәсіби біліктілікті арттыруға арналған тақырыптық алаңдар бар. Атап айтқанда тиімді жоспарлау, функ-ционалдық сауаттылықты қалыптастыру, эмо-ционалды интеллекті дамыту, мұғалім жұмысындағы зерттеулер, оқытудағы саралау және, бағалау деген мәселелер кеңінен қамтылған.
Піржан Төлеген, форумға қатысушы:
- Ауыл мектебінен келіп отырмын. Бұл форумның басты мақсаты - ауылдағы жас мамандардың беделін көтеру, сондай-ақ республикалық көлемдегі түрлі тәжірибелермен бөлісіп, соны өз облысымызда тарату болып табылады.
Күләш Шәмшидинова, Білім беру жөніндегі жаһандық комиссияның Азия хабының комиссары:
- 2022 жылы біз ең бірінші өңірлерде жас ұстаздармен кездесіп, кейстерді талқыладық. Ұтымды және ұтымсыз кейстер. Не қолдан келеді, не келмейді. Жас ұстаздардың талқысына салып, жауап іздедік. Кейіннен біраз ұстаз жаңа оқу жылы алдында мотивация керек, форум өткізейік деп былтыр ең бірінші форумды өткіздік.