Қарағанды облысындағы тамыз жиынында балаларға тең мүмкіндіктер қарастырылды
Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия беделін арттырып, аталған саланы жедел сандық жүйеге көшіру керек.
Бұл Қарағанды облысында бас қосқан 400-ге жуық осы сала мамандарының пікірі. «Балаларды қолдаудың тең мүмкіндіктерін қалыптастыру» деген атауға ие болған жиында әр өңірден келген хатшылар саладағы олқылықтарды ортаға салып талқылаған болатын.
Биылғы тамыз кеңесі өзгеше форматта өтіп жатқаны белгілі. Қарағандыға жиналған педагогтар «балаларды қорғау» мәселесін жан-жақты қараған. Себебі елде 22 мың жетім бала бар болса, өткен жылы кәмілетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия хатшыларына 65 мыңға жуық сауал келіп түскен.
Бақытгүл Әбдікерова, білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
- Қазіргі таңда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау, және келешектегі жарқын өмірде өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында үлкен өзекті мәселелер талықланып, келешек өмірге айқын мақсаттар қойылды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда қабылданған шаралар нәтижесінде жетім балалардың жалпы саны 32%-ға қысқарған. Ал Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 40 пайызға жетті.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Кешеден бері облыста 400-ге жуық маман балалар үшін тең мүмкіндіктер тақырыбында жұмыс жасауда. Бұл тақырып ауқымы кең мәселелердің бірі. Ана мен бала мәселелерін шешуге, балаларға қатыгездікпен қарауға жол бермеуге, кәмілетке толмаған балалардың диструктивті мінезінің алдын алуға және басқа сұрақтарға бағытталған.
Атап өткен жөн, ел бойынша биылғы тамыз кеңесіне 44 мыңға жуық ұстаз қатысқан. Олардың 32 мыңы офлайн режимде өзге облыстардағы өзекті тақырыпты арқалаған секцияларда ойын ортаға салып жүр.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар