Ақмола облысында балаларды сауықтыру орталықтары салынады
Ақмола облысында алдағы екі жыл ішінде үш балалар сауықтыру орталығы салынады.
Жаңа нысандар туристік әлеуеті зор аудандар да бой көтермек. Бұдан бөлек қолданыстағы лагерьлерді қайта қалпына келтіру де жоспарланған. Осы мақсатқа жергілікті қазынадан 400 млн.теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Көкшетауда аймақ ұстаздарының тамыз кеңесінде айтылды.
Көкшетауда өткен биылғы тамыз кеңесінің форматы ерекше. Өйткені негізгі басымдық оқу бағдарламасымен қатар, балалардың жазғы сауықтыруына берілді. Алқалы жиынға 500-ге тарта білім саласының қызметкері қатысты. Олардың қатарында әр аймақтан келген ұстаздар мен лагерьлердің директорлары бар. Жалпы осы жазғы маусымда аймақтағы сауықтыру орындарында 120 мыңға жуық бала демалды.
Ақмарал Мақұлбекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Сауықтыру кезеңінде Ақмола облысының орны ерекше. 218 жалпы жұмыс істейтін біздің сауықтыру орталықтары болса, соның 20-сы Ақмола облысында орналасқан. Биылғы жылы елбасының тапсырмасына сәйкес 50 сауықтыру орнының алғашқысыны бірі болып, Жамбыл облысынан кейін Ақмола облысындағы Сандықтау ауданында жыл бойғы сауықтыру орталығын ашып жатыр.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірде білім саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанын жеткізді. Нәтижесінде әрбір екінші мектеп жөнделіп, жыл сайын жаңа білім нысандары бой көтеріп жатыр.
Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:
- Ақмола облысының білім дамуына ағымдағы жылы 220 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 млрд.теңгеге артық. Жаңа оқу жылында үш аусымдық оқу мәселесін түбейгелі шешуге мүмкіндік беретін 4 мың орынға арналған 6 мектепті ашқалы отырмыз. Осы жылдың соңына дейін қосымша 1800 орынға шақталған 8 білім мекемесін ашу көзделген.
Бұдан бөлек, биыл өңірде 29 түзету кабинеті ашылды. Оған жергілікті қазынадан 300 млн теңге бөлінген. Ал соңғы үш жыл ішінде балаларды тасымалдау үшін арнайы 11 көлік сатып алынды. Соның 5-і бүгін тамыз кеңесі аясында тапсырылды.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко