Солтүстіктегі ауылдарға жаңа мектеп автобустары табысталды
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептеріне жаңа автобустар табысталды.
Балалардың тасымалымен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірге 29 техника сатып алынды. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қоғамдық көліктер соңғы үлгіде құрастырылған. Яғни ауа баптағыш, жүргізушіні шақырту түймесі, пандус сынды құрылғылармен қамтамасыз етілген. Тіпті жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырмайтын тежегішпен де жабдықталыпты. Қазір облыстық білім басқармасының қарамағында 146 автобус бар.
Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Ең бастысы, біз балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуымыз керек. Сондықтан осындай автобустар таңдалды. Қоғамдық көліктерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы арқылы сатып алдық. Олар Қазақстанда құрастырылған. Кепілдігі бар. Енді барлығын ауыл мектептеріне жібереміз.