Ақмола облысындағы алтын өндіру кәсіпорыны қайырымдылық акциясына қатысты
Білім күні қарсаңында Ақмола өңірінің алтын өндіретін кенттерінің жас тұрғындарына мектепке керек-жарақтардың жиынтығы тарту етілді.
«Мектепке жол» республикалық акциясына «Алтыналмас» компаниялар тобы қатысты.
Ақсу, Заводская, Жолымбет және Бестөбе кенттерінің көп балалы және аз қамтылған отбасыларының оқушыларына 313 мектеп керек-жарағы табысталды. Бестөбе кентінде өндірістік кәсіпорын көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау ретінде 44 азық-түлік жиынтығын алып берді. Сонымен бірге осы ауылдағы "Рауан" мәдениет үйіне саз аспаптары тарту етілді.
Айым Душумова, мәдениет үйінің әдіскері:
- Міне бізге «Қазақалтын» серіктестігі 15 домбыра ұсынғалы жатыр, алдыңғы жылы бізге 11 домбыра ұсынған еді. «Қазақалтын» серіктестігіне алғысымызды білдіреміз.
Гүлден Ашикенова, Бестөбе ауылының тұрғыны:
- «Алтыналмастан» көмек беріп жатыр, сол үшін көп-көп рахмет! Мен көп балалы анамын. Жеті балам бар.
Ақсу кентінде 69 балаға мектепке керекті барлық заттар салынған рюкзактар табысталды. Заводская кентінде 67, ал Жолымбетте 37 бала, сонымен бірге Қарағанды облысының Ортадересин кентінде 20 шәкірт пен Жамбыл облысына қарасты Ақбақай кентінде тұратын 36 оқушы да осы күні мәре-сәре қуанышқа кенелді.
Қанат Аманов, Бестөбе кенішінің директоры:
- Шахтерлер күні мерекесі қарсаңында біз жыл сайын «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар кенттегі көмекке мұқтаж тұрғындар мен жұмысшыларымызға материалдық қолдау көрсетеміз.
Айта кету керек, компания мұқтаж отбасыларды қолдау мақсатында жыл сайын «Мектепке жол» республикалық акциясына белсене қатысып, тұрақты түрде демеушілік жасап тұрады. Өңірлерде білім беру және мектепке дейінгі тәрбие мен денсаулық сақтау салаларында маңызды әлеуметтік жобалар іске асты. Сонымен қатар кенттердің инфрақұрылымын дамыту ісі де басым бағыттар қатарында.
Талғат Серікқалиұлы