3 жылға созылған мектеп құрылысы биыл аяқталады
Жамбыл облысында 3 жыл бұрын басталған білім ошағының құрылысы биыл аяқталады.
Орта мектеп Шу ауданындағы Төле би ауылында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының созылып кетуі салдарынан оқушылар бірнеше жылдан бері өзге мектептерге қатынап оқиды.
Мерей Бает, тілші:
- Төле би ауылындағы Әл-Фараби атындағы білім ошағы тозғандықтан сүріліп, орнына жаңа мектептің құрылысы басталған болатын. Бірақ құрылыс жұмыстарында мәселелер туындап, былтыр мүлдем тоқтап қалды. Салдарынан мұнда оқып жатқан 400-ге жуық оқушы әлі күнге көрші мектептерге сабылып оқуға мәжбүр.
Жаңа мектептің құрылысы басталғанда шын қуанғандардың бірі Динара Ныдырова еді. Бірақ көп ұзамай көңілі су сепкендей басылды. Бір жылда бітеді деген меткептің құрылысы 3 жылға созылып кетті.
Динара Надырова, Төле би ауылының тұрғыны:
- Балаларымыз 3 жылдан бері қаланың басқа аумағындағы мектепке барып оқуға мәжбүр. Қазіргі ауа райында мейлі, бірақ қыста қатты қиналамыз. Мысылы менің 3 балам 3 мектепке барады. Бірін апарсам, екіншісі мен үшіншісін кешіктіріп жеткізуге тура келеді.
Нұрбақыт Балтабай, Шу аудандық білім бөлімі басшысының м.а:
- Тамақтары сол мекемелерден беріліп жатыр. Қазіргі таңда 1-4 сынып оқушылары М.Әуезов атындағы орта мектепте тегін тамақпен қамтамасыз етілген. 1-4 сынып оқушыларын тасымалмен оқытып жатырмыз. Автобус бөлінген.
Әу баста құрылыс жұмыстары қарқынды жүрген. Бірақ жылға жетпей мердігер компанияның жұмысы ақсапты. Бастапқыда құрылыс басқармасы бірнеше рет хат жолдаған. Компания ескертуді елемеген соң сотқа жүгініпті.
Нұржігіт Мұратов, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Жұмысшылардың аздығынан, жаңағы фирманың дұрыс жұмыс жасамағандығынан мектеп құрылысы аяқталмады. Өндірістік кестеден кешіккені үшін өсімпұл өндіріп алу бойынша және одан кейін жосықсыз мердігер деп тану бойынша сотқа талап арыз берілді.
300 орынға арналған білім ошағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Бірақ құрылысы қыркүйекке дейін бітпейтін түрі бар. Себебі жаңа мердігер жұмысын 2 ай бұрын бастаған. Айта кетерлігі, Жамбыл облысындағы17 білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Білім басқармасының мәліметінше, 6 мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалуы мүмкін.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан