Теміркөпір ауылының тұрғындары жаңа мектепті асыға күтіп жүр
Ақтөбе облысындағы Теміркөпір ауылының тұрғындары да жаңа мектепті асыға күтіп жүр.
Елді мекендегі бастауыш мектеп ғимараты апатты деп танылғалы, оқушылар әр жерде білім алуға мәжбүр. Дегенмен мамандар бұл жағдайдың таяуда реттелетінін айтады.
200-ден астам тұрғыны бар Теміркөпір ауылындағы алғашқы мектеп былтыр апатты деп танылды. Өткене ғасырдың қырқыншы жылдарында салынған нысан әбден ескіріп тозғандықтан, жергілікті әкімдік елді мекендегі бір үйді сатып алды. Балалар өткен оқу жылын сонда өткізді. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ауылда жаңа мектептің құрылысы басталған. Тұрғындар ашылуын күтіп жүр.
Мұстафа Бисекенов, Теміркөпір ауылының тұрғыны:
- Көп жыл болды бұл мектепті күткенімізге. Осы мектеп салынып тез бітсе, балаларымыз осында оқыса деген ойдамыз енді. Қатынап оқығаннан гөрі осы жақта тиімді ғой.
Зәуреш Үшкемпірова, Теміркөпір ауылының тұрғыны:
- Балалар үйден қатынап оқығанға не жетсін? Өзің қадағалап отырасың, әйтеуір көз алдыңда өседі. Мына жаңа мектеп салынып жатқанына өте қуанып жатырмыз. Жаңа мектеп жаңаша жұмысын жасап, нағыз білім ордасы болады деген ойдамыз.
Жаңа мектептің құрылысы қызу жүріп жатыр. Жұмысты қолға алған мердігер компания өкілдерінің айтуынша, нысанның 70 проценті дайын. Енді қалған бөлігі кестеге сай белгіленген мерзім ішінде аяқталуы тиіс. Жаңа білім ұясы 60 балаға арналған. Оқушылар саны көбейсе, екі ауысымда оқытуға да мүмкіндік бар. Бастысы, стандартқа сай және әр пәннің оқу бөлмелері мен бөлек спорт залы болады.
Мөлдір Сүйінішбекова, мектеп мұғалімі:
- Бастауыш сынып мұғалімдері керек. Ағылшын маманы, химия, биология, география деген мамандықтар керек. Енді бұйырса қазіргі таңда түйіндемелер жатыр. Білім бөлімімен келісе отырып, сол мамандарды жұмыспен қамтуға тырысамыз.
Ауыл балалары Теміркөпірде тек 4 класс оқып, кейін көрші Сағашилі елді мекенінде немесе аудан мен облыс орталығында интернатта жатып оқитын. Жаңа білім ұясы 9 жылдық. Мұнда биылдың өзінде 30-дан аса бала оқитын болады.
Аманбай Каюпов, Еңбек ауылдық округінің әкімі:
- Мына мектебіміз ашылғаннан кейін, осы мектебімізде оқып жатқан оқушыларымыз бар. Оған қосымша округтің орталығы Сағашилі ауылында мектеп жанында оқитын оқушыларымыз бар, Ақтөбе қаласында, Қандыағаш қаласында оқитын, осы Теміркөпір аулының оқушылары бар. Сол оқушылардың барлығын жинап, осы ауылымызға алып келіп, қайтадан оқытамыз.
Тұрғындар жаңа білім ұясының пайдалануға берілуі ауылдың көркеюіне оң ықпал ететінін айтады. Себебі көгілдір отын мен ауыз су желісіне қосылған елді мекенде алдағы уақытта жол мен медициналық бекет салу жоспарда бар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев