Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда
Еліміздегі мектептердің 26 пайызында бейнебақылау камералары полицияның ортақ жүйесіне қосылмаған.
Бұл – барлық өңірде кездесетін мәселе. Мамандардың айтуынша, күн тәртібінен түспеген проблема біртіндеп шешімін тауып келеді. Шығыс Қазақстан облысындағы білім ордаларындағы жағдай қалай?
Төтенше жағдайлар мен полиция қызметкерлері өскемендік мектептердің қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Басты мақсат – оқу жылы басталғанға дейін кемшіліктерді анықтап, дер кезінде жою.
Мамандардың айтуынша, жыл сайын тексерсе де, олқылықтар азаяр ес.
Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД басқармасының бастығы:
- Тексеру кезінде ең жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі - ол алғашқы өрт сөндіру құралдарының болмауы. Толық болмауы, сонымен қатар, есіктерде өзін-өзі жабатын құрылғылардың болмауы.
Қосалқы есіктердің ашылмауы, өртке қарсы құралдардың жұмыс істемеуі. Осы тектес кемшілік жиі кездеседі. Оқыс оқиға кезінде іске қосылуы тиіс дабыл түймелерінің жағдайы да көңіл көншітпейді.
Бұл мектепте балалардың қауіпсіздігі үшін бар жағдай жасалған. Бейнебақылау камералар заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес орнатылған. Қала бойынша осындай екі мыңнан астам камера жұмыс істетұр.
Анна Таимова, №35 орта мектебінің директоры:
- Турникет орнатылған, дабыл түймесі орнатылған. Барлық өрт сигнализациясы, барлығы қалыпты жағдайға келтірілген. Қазіргі таңдағы сұранысқа, талапқа сай. Өрт крандарын тексеруден өткізіп отырамыз. Өрт сөндіру блоктарының барлығы қалпына келтірілген.
Ендігі мәселе – сол камералардың барлығын полицияның басқару жүйесіне қосу. «Сонда ғана оқушылардың қауіпсіздігі бақылауда болады», - дейді тәртіп сақшылары.
Гүлнұр Түсіпова, қалалық «Ертіс» полиция бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:
- Әрбір мектепте бізде учаскелік полиция инспекторы, кәмелеттік жас толмағандар ісі инспекторы, жедел уәкілдер бекітілген. Олар өз тарапынан жұмыстарын жүргізеді. Қала бойынша 50-ден аса білім беру мекемелері орналасқан. Онда екі мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған.
Бірнеше күннен кейін ел шығысындағы 600-ден астам мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашады. Ал оған дейін қауіпсіздік құралдарының барлығы жөнге келтірілуі тиіс.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин