«QazaqGaz» студенттерге стипендия тағайындады
Ай сайын 100 мың теңге көлеміндегі стипендия.
«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы мұнай-газ саласында білім алып жатқан бірқатар студентке осындай атаулы шәкіртақы тағайындады. Бұндай зор мүмкіндікке Сәтпаев және Қазақ-Британ техникалық университетінің 12 студенті ие болды. Олар компания ұйымдастырған арнайы іріктеуден іркілмей өткен.
«QazaqGaz» Ұлттық компаниясының стипендиясына ие болғандардың бірі – Жанерке Айдарбекова. Бүгінде Сәтпаев университетінде мұнай-газ саласы мамандығы бойынша грантта білім алып келеді. Енді мемлекеттік стипендиядан бөлек, Жанерке ұлттық компания атынан ай сайын 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.
Жанерке Айдарбекова, Satbayev University студенті:
- «QazaqGaz» секілді ірі компаниялар еліміздің болашақ жастарын осындай деңгейде қолдап жатқаны мені қуантады. Біз үшін мотивация. Біз бұны өзіміздің білімімізбен елдің экономикасына көмектесу мақсатында, бұның барлығын қайтарып береміз деген ниеттеміз.
«QazaqGaz» компаниясының стипендиясын Сәтпаев және Қазақ-Британ техникалық университеттерінің 12 студенті иеленді. Негізі шәкіртақыны тағайындау үшін арнайы конкурс ұйымдастырылған болатын. Яғни өтініш берушінің орташа балы, сабақ үлегірімі сынды критерийлері қарастырылды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелеріне де ерекше назар аударылды. Стипендия иегері атану үшін ұзын-саны 114 өтінім келіп түсіпті. Іріктеуден іркілмей өткендерді бүгін «QazaqGaz» компаниясының басшысы Санжар Жаркешов құттықтап, жаңа оқу жылының сәтті өтуін тіледі.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұндай стипендия Қазақстанда жоқ. Сондықтан да шетелдік, трансұлттық компанияларының стипендияларынан да асып кеттік.
Бұйыртса оқуларын жақсы бағаға бітірсе, стажировкасын дұрыс өтсе, біз міндетті түрде оларды біздің компаниямызға жұмысқа аламыз.
«QazaqGaz» компаниясы басшылығының сөзінше, атаулы стипендия тағайындау ісі жыл сайын жалғаспақ. Оған енді мұнай-газ саласында маман даярлайтын өзге де университет студенттерін қатыстыру жоспарланған.
Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев