Мектептердегі камералардың жартысына жуығы жедел басқару орталығына қосылған
Еліміздегі 7600 мектепте бейнебақылау камерасы бар, алайда олардың 3600-дан астамы ғана жедел басқару орталығына қосылған.
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен Ішкі істер министрлігінде өткен жиында белгілі болды. Үкімет басшысы саладағы цифрландыру жұмыстарымен танысты және бірқатар тапсырма берді.
Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 6 мың қылмыс ашылды. Сондай-ақ 312 мыңнан астам басқа да әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, биыл ел бойынша қылмыс деңгейі 17 пайызға төмендеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жалпы ІІМ цифрлық технологияларға жақсы көңіл бөліп отыр. Өте қуанарлық жағдай. Үкімет өз тарапынан мұндай жұмыстарды қолдайды. Сондықтан мұндай бастамаларды біз барынша қаржыландыруға тырысып жүрміз. Жылдан жылға бұл жұмыстарды ұлғайту керек. Неге десеңіз, бұл әр мемлекеттік органның тиімділігін айтарлықтай көтереді.
Мектептердегі қауіпсіздік те маңызды мәселе. Қазір 7600 мектепте бақылау камерасы бар. Алайда тек 3654 мектептегі камера жедел басқару орталығына жалғанған. Ішкі істер министрлігі барлық мектептегі бақылау жүйесін полицияға қосуды ұсынып отыр.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жасалып жатқан жұмыстың, технологияның біз тиімділігін көруіміз керек. Менің айтқаным, кейбірде осы бейнебақылауды орнатамыз, бірақ жаңағы байланыс болмағасын, біздің орталыққа шығармағасын оның тиімділігі жоқ. Мен енді сондай мысал келтірдім, бұл жаңағы бір, мылтық беріп, оған оқ-дәрі бермегендей деп.
Ел көлемінде «толық қамту» принципі бойынша барлық елді мекен бейнебақылау жүйесіне қосылып жатыр. 19 мың камера іске қосылды. Жыл басынан бері бұл камералар жол ережесін бұзудың 2 млн 700 мың дерегін тіркепті.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Тіркелген автокөлік саны біраз өсті. Бүгінгі таңда 5 миллионға жетіп қалды, енді мына 20 миллион Қазақстан халқына. Соған қарамай, былай автокөліктің санын алғанда, біздің азаматтардың санын алғанда жол-көлік оқиғалары азайып келе жатыр. Ол осы технологиялардың арқасында.
Жиында киберполиция жобасы, есірткі қылмысына қарсы күрес нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ полиция қызметін цифрландыру, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері қаралды.
Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов