Зияткерлік ойындарға қызығатындар көбейіп келеді
Жастар арасында зияткерлік ойындарға қызығушылық жоғары.
Мәселен Ақтөбенің өзінде тапқырлар клубының бірнеше лигасы бар. Жүздеген адам тұрақты түрде бақ сынасады. Әсіресе қазақ тіліндегі ойындарға қатысам деушілердің қатары күн санап артып келеді.
Бүгін «Тез тап» зияткерлік ойынының жазғы сериясының ақтық кездесуі. Финалға үздік 12 команда іріктеуден өткен. Ойыншылардың жас шамасына ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен зияткерлік клуб мүшелерінің басым көпшілігі жастар.
Анарбек Дәулетьяров, зияткерлік ойынға қатысушы:
- Жастардың жалпы демалысының бір түрі. Яғни сен бұл жақта интелектуалды демаласың, миың тынығады және ішімдік ішу, басқа да бір жағымсыз демалыстан гөрі қазіргі жастар осындай демалыстың түрін таңдайды деп ойлаймын.
Қазір Ақтөбеде онға жуық зияткерлік ойын клубы бар. Тұрғындар тарапынан сұраныстың көптігіне орай кездесулер аптасына бірнеше рет өтеді. Мұндай қызығушылықты ұйымдастырушылар заман талабы деп отыр. Әлеуметтік желіге байланып, онлайн өмірдің басым болған шағында ойыншылар дос-жаранмен жүздесудің тағы бір себебін тапқанына разы.
Асылжан Елемес, зияткерлік ойындардың ұйымдастырушысы:
- Қазір зеректік пен ақылды болу мәртебе. Көп білгеннің, оқығанның заманы. Сондықтан бұл ойындар біріншіден пайдалы болса, екіншіден достармен кездесуге де тамаша себеп. Ойыншылар да көптен көрмеген жолдастарымызбен қайта қауыштық деп жатады. Бұған желеу болғанымызға қуаныштымыз.
Бұл зияткерлік клубының ерекшелігі – бірінші кезекте ел тарихына басымдық беріледі. Тапсырмалар мен сұрақ авторлары да ақтөбелік зерек жастар. Болашақта қала мен облыс біріншілігін ұйымдастыруды көздеп отыр.