Ертең оқу басталады, бірақ жөндеуі бітпеген мектеп көп
Қостанай облысының Жаңаауыл және Тимирязев жалпы білім беру мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Оның бірі Аманкелді, екіншісі Сарыкөл ауданында. Сала басшыларының айтуынша, құрылыс жұмыстары оқу үрдісіне әсер етпейді. Балалар жөндеуі аяқталған мектептің екінші қабатында білім алатын болады.
Бұл Қамысты ауданындағы Адай жалпы білім беру мектебі. Мұнда 74 бала оқиды. Он жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Содан бері жыл сайын өз күштерімен сырлап, ақтап отырады. Өткен қыста тозығы жеткен жылу желісі әр жерден сыр бере бастапты.
Наталья Степанова, Адай жалпы білім беру мектебінің директоры:
- Кабинеттерде ақау байқалған батареяларды ауыстырдық. Спорт залдың жылу желісін толық жаңарттық. Енді сол спорт залды ақтап шығу қалды. Сосын жаңа оқу жылына дайын боламыз.
Ал Қарабатыр ауылдындағы мектепте күрделі жөндеу биыл басталуы тиіс. Екі жылға есептелген жоба бойынша әлі күнге конкурстық байқаулар өтіп жатыр. Бірақ күрделі жөндеуге қаралған 450 миллион тенгенің 41 миллионын биыл қалайда игереміз дейді.
Талғат Қуанышбаев, Қамысты аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Биыл жөндеу жұмыстары басталады. Бірақ ол оқу үрдісіне кедергі келтірмейді. Мектептің ішіне кірмей, сыртқы қабырғасын, іргетасын бекітіп қалпына келтіреміз. Кәріз құдығы қазылады. Ал келер жылы ішкі жұмыстармен айналысамыз.
Білім басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, облыс бойынша биыл 163 жалпы білім беру нысандарында ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 18-і бастан-аяқ қалпына келтірілді. 145 мектепте ағымдағы жөндеу жасалған. Ауылдағы білім ошақтарын замануй оқу құралдарымен қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр.
Данагүл Сүйіндікова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекет басшысының ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту туралы тапсырмасына сәйкес, облыста кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мақсатта ауыл мектептерінің материалдық техникалық базасын нығайтуға 1,8 миллиард тенге бөлінді. Физика, химия, роботтехника кабинеттерін, зертханаларды жасақтауға 229 миллион тенге қаралып отыр.
Алдағы бір-екі жылда бала саны шектен тыс көп қалалық мектептер мәселесін шешу негізгі міндеттердің бірі. Сол үшін де өңірде екі мың орындық үш білім ордасы салынып жатыр. Одан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде сегіз типтік ғимараттың құрылысын бастау жоспарда бар.