Отандық ғылымдағы оң өзгерістер
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.
Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Ғылымды басқару моделі қайта ретке келтіріле басталды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес пен Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыруға ерекше назар аударылады. 2023-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 643 млрд теңгеге жетеді. Оның ішінде биылғы жылы 149 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Өткен жылы 1 700 жетекші ғалымның жалақысы 70%-ке өсті. Жыл сайын жас ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін 500 грант беріле бастады. Сонымен қатар іргелі зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институты тікелей мемлекеттік қаржыландыруға ауыстырылды – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол денсаулық саласындағы атқарылған жұмыстарға да тоқталды.
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері ерекше бақылауда. Неврологиялық аурулары бар балаларды оңалтуды қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бүгінгі таңда 55 медициналық ұйым осындай қызмет түрлерін көрсетеді. Оның 27-сі соңғы 2 жылда ашылған. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін резидентурада мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс 70%-ке ұлғайды. Ол биылғы жылы 1000 грантқа көбейді. Соңғы 3 жылда медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен 805 млрд теңге бөлінді – деді ол.
Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру басталды.
Ұлттық жоба аясында 655 бастапқы денсаулық сақтау нысаны салынып, 32 ауданаралық аурухана жаңғыртылады. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдалана отырып, жоспарланған 8 облыстық көпсалалы және университеттік клиниканың екеуінің құрылысы басталды – дейді Үкімет басшысы.
BIGPHARMA ТОП-50 қатарына кіретін ірі әлемдік фарминдустриямен ынтымақтастықты нығайту отандық өндірісті дамытуға қуатты серпін берді.
Мысалы, «Pfizer» және «Roshe» компанияларымен Қазақстанда препараттар өндірісін ашу бойынша келісімдерге қол қойылды. Мемлекеттік қолдау шеңберінде қазіргі уақытта 36 отандық тауар өндірушілермен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу бойынша 98 ұзақ мерзімді келісімшарт бар. биыл сатып алынған 1,6 мың дәрілік заттың 947 позициясын немесе 61%-ін отандық фармацевтикалық компаниялар өндірді – деді Премьер-минитср.