БҚО-дағы Жалын ауылында жаңа мектеп ашылды
Батыс Қазақстан облысының Макаров ауылдық округіне қарасты Жалын ауылының жеткіншектері жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алып жатыр.
Осы көктемде алғашқы іргетасы қаланған 54 орындық білім ордасының құрылысы небәрі төрт ай ішінде аяқталды.
Жалын негізгі мектебінің 9 сынып оқушысы Аружан Құмар үшін биылғы білім күні ерекше есте қалмақ. Оған оқу үздігі ретінде алғашқы қоңырауды соғу бақыты бұйырды, әрі жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алып жатыр. Еңселі де жарық кабинеттер, жаңа оқу жабдықтары білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, дейді ол.
Аружан Құмар, оқушы:
- Осы мектепті салып бітірген адамдарға алғысымды айтқым келеді. Біз осы мектеп арқылы көптеген мүмкіндіктерге ие боламыз деген ойдамын. Мысалы мұндағы мекептердің барлығында кабинеттер жасақталған, көптеген құралдар бар, зертханалар бар. Біз ана мектепте бұрынғы мектепте көрмеген заттар бар.
Облыс орталығынан 48 шақырым қашықта орналасқан Жалын ауылында 330 тұрғын бар. Бала саны 52. Мектепке дейінгі бөбектер мен мектеп алды даярлық тобын қосқанда 65-ке барады. Бұрын балалар жазғы лагердің бейімделген ғимаратында оқитын. Іші тар, әрі суық болатын. Ол қиындықтар енді артта қалды. Жаңа мектепте спорт залы, пәндік кабинеттері бар, шағын орталыққа да орын қарастырылған.
Елтай Лұқпанов, Жалын ауылының тұрғыны:
- Үлкен қуаныш осы. Ауыл тұрғындарының көптен күткен армандаған қазақта айтады ғой, ақ түйенің қарны жарылған күн деп. Сол күнмен пара-пар күн бүгін біздер үшін. Бұрынғы біздің мектебіміз өте салқын, қолайсыз, ұстаздар үшін де, шәкірт үшін де. Тек жоқтан бар жасалып, содан біліп алып шықты осы күнге дейін балалар. Енді міне дән ризамыз.
Мектеп құны 800 миллион теңге. Құрылысқа қажетті қаражат мұнай-газ кенішін игеруші компаниялардың облыстың әлеуметтік мұқтажына бөлетін қаржысынан қаралды. Облыста 54 және 108 орындық осындай шағын жинақты 15 мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да таяуда 18 мектеп бой көтермек.
Айгүл Мыңбаева, білім басқармасының басшысы:
- 2023 жылы 9 мектептің құрылысы басталып, 2024 жылы іске қосылады деп, ал 2024 жылы қалған 9 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы іске қосылады деп есептеп отырмыз. Қазір бесеуінің құрылысын бастап кетті, қалған төртеуінде конкурстық рәсімдер жүзеге асырылуда. Жалпы енді осы мектептрдің құрылысы аяқталған кезде облыстағы 3 ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі.
Батыс Қазақстан облысында үш ауысымда оқитын 9, апатты жағдайдағы 12 білім ордасы бар.
Мамандардың айтуынша, білім беру саласындағы қарқынды құрылыс арқылы ғана тозығы жеткен мектептердің мәселесін шешуге болады.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов