Елімізде жаңадан 39 мектеп қолданысқа берілді

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 200-ден астам ғимараттың құрылысы басталып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл апатты және 3 ауысымды мектептердің мәселесін шешуге ықпал етеді. Ал бүгін елде жаңадан 39 мектеп қолданысқа берілді. Соның бірі елорда іргесіндегі Қосшы қаласында орналасқан.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Бұл кабинетте робототехникамен айналысуға барлық жағдай жасалған. Ноутбуктерде арнайы бағдарламалар орнатылған. Мәселен, мына қораптардың ішінде робот құрастыруға қажетті жабдықтар салынған. Оқушылар робот құрастырып қана қоймай, оны әртүрлі сынақтан өткізе алады.

Сондай-ақ 3D модельдеу студиялары мен виртуалды көлік жүргізу сыныбы бар. Музыка кабинеттері мен баскетбол, футбол алаңдармен де жабдықталған. Оқушылар білім алып қана қоймай, өздерін жан-жақты дамыта алады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 200-ден астам мектептің құрылысы басталып жатыр. Бұл келесі жылғы қалған апатты мектептер менен 3 ауысымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталады. Барлық мектептерді де жайлы мектеп деңгейіне көтеру бағытында модернизациялау мәселесін қолға алып жатырмыз.

Әсіресе осындай соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған мектепке өз балаларын ертіп келген ата-аналардың қуанышында шек жоқ.

Арайлым Тоқтасина, ата-ана:

- Тұңғыш қызым 1 «а» сыныбына барып жатыр. Осы мектепті көргенде менде арман болған. Экскурсия болды ата-аналарда 31-і күні, сол күні көріп, қуанышымызда шек жоқ.

 

Елде 382 мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттады   

Білім күнінде елде 382 мыңға жуық бала алғаш мектеп табалдырығын аттады. Бүлдіршіндердің 70%-ке жуығы мемлекеттік тілде оқиды. 1-сыныпқа баратын оқушылардың дені Түркістан өңірінде тіркелген. Олардың саны 53 мыңнан асады. Алматы облысы мен қаласы да көш бастап тұр. Ең аз көрсеткіш Ұлытау өңірінде. Онда 4,5 мыңға жуық бүлдіршін білім нәрімен сусындайтын болады.

Жаңа оқу жылында 11-сынып оқитын шәкірттердің саны да рекордтық көрсеткішке, яғни 189 мыңға жетіп отыр. Жалпы елде 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар. Жыл соңына дейін тағы 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Серік Қоңырбаев.