17 мың студент тегін білім алып жүр
Ақмола облысында 17 мың колледж студенті тегін білім алады.
Әсіресе, кәсіптік-техникалық бағытта оқитын талапкерлерге айрықша басымдық берілген. Бүгінде өңірдегі 32 колледждің 20-сы техникалық сала мамандарын дайындайды. Бұл өз кезегінде сұранысқа ие мамандар қатарын толықтырып, еңбек нарығын ретке келтіруге септігін тигізеді.
Ерәлі сабақтан тыс уақытын осы колледж шеберханасында өткізеді. Ол мұнда көлік саймандарын құрыстырып, жөндеу тәсілдерін игереді. Мамандығы – автомеханик. Жас өрен болашақта өз кәсібін ашып, білікті маман иесі атануды армандайды.
Ерәлі Сәбетов, студент:
- Бізде теориялық тұрғыдағы жұмыстан практикалық жұмыс көп. Жалпы автомеханик болып-ақ мол табысқа кенелуге болады. Мен болашақта өзімнің машина жөндейтін шағын орталығымды ашқым келеді.
Ал Камила – болашақ педагог. Қазір Көкшетаудағы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде білім алады. Студенттерге көрсетілетін қолдау олардың білім сапасына айрықша әсер етеді, - дейді ол.
Камила Сашка, студент:
- Елімізде студенттерге барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, шәкіртақы мәселесі болсын, жатақхана мәселесі болсын оң шешімін табуда. Осының өзі біздің оқуға деген ынтамызды көтеріп, жігер береді.
Жалпы елімізде студенттердің шәкіртақысын көтеру кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Мысалға, жаңа оқу жылында колледж талапкерлерінің степендиясы 50 пайызға өсті. Ал келер жылы оны 100 процентке дейін жеткізу көзделген. Қазіргі уақытта облыстағы коллеждерде 22 мыңға жуық студент оқиды. Соның 17 мыңы тегін білім алады.
Шоқан Оразалин, Облыстық білім басқармасының басшысы:
- Осы 17 мың студенттің 15 мыңы степендия алады. Ол степендияға 2 млрд 700 миллиондай ақша бөлінген. Президент Жолдауынан кейін студенттердің степендиясы өсіп жатыр. Осы степендияға бізде қосымша тағы 600 млн теңге бөлініп отыр. Яғни осыған дейін балалардың степендиясы 20 мыңнан ғана асса, енді 30 мыңның үстінде. Бұл балалар мен ата-аналарына үлкен көмек.
Жаңа оқу жылында аймақтағы колледждерге 6 мың студент қабылданды. Бүгінде соның 5,5 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алып жүр. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, алдағы жылы кәсіптіп-техникалық бағыттағы грант санын көбейтіп, студенттерді толығымен жатақханамен қамту көзделіп отыр.