Жамбыл облысында грант саны артты

Биыл Жамбыл облысында колледж студенттеріне бөлінген грант саны 600 орынға артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басымдық техникалық және кәсіптік мамандықтарға беріліп отыр.

Айта кетерлігі, аймақтағы жұмысшы мамандығын таңдаған 6 мың студенттің барлығы білім грантында оқиды. Облыста жатақхана мәселесі де толықтай шешімін тапқан.

Жамбыл облысындағы 44 колледжде 25 мыңнан аса студент білім алады. Олардың 13 мыңға жуығы мемлекеттік грант есебінен оқып жатыр. Қыркүйектен бастап сол студенттердің стипендиясы 50%-ке көбейді. Бұл – білімгерлерге үлкен көмек.

Айсұлтан Омарғали, студент:

- Қазіргі таңда 21 мың теңге алып отырмыз. Оның өзі біраз нәрсеге жететін. Жолақымызға, болмаса осы колледжге барып келуімізге. 32 мың теңге бізге өте көп көмегін тигізеді. Киім алуға, жаңағыдай ІТ курстарға, мобилографияға қатысуға өте көп көмегін береді.

Биыл облыстағы колледж студенттеріне 6350 грант бөлінді. Бұл былтырға қарағанда 616-ға артық. Мемлекеттік білім беру тапсырысы, педогогика, медицина, техникалық, ІТ және жұмысшы мамандықтарына бөлініп отыр.

Айта кетерлігі, жұмысшы мамандықтарында оқитын 6 мыңға жуық студент бар. Олардың барлығы – білім грантының иегерлері.

Алтынай Жайлышева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл осы жастардың 80%-і тегін кәсіптік біліммен қамтылуы тиіс. Сондықтан бұл меже биыл біздің облыста орындалып отыр. Яғни, жалпы 9-сыныптан кейін техикаға қатысты білім берумен қамтылған жастардың саны 80%-тен асады.

Облыстағы орта оқу орындарында жатақхана мәселесі толықтай шешімін тапқан. Соңғы 2 жылда 3 ғимарат салынып, орын саны 2300-ден асты. Бүгінде шалғайдан қатынап оқитын студенттер жағдайы жасалған жатақханаларда тұрып жатыр.

Мақпал Зарлыхан, студент:

- Бұл жатақхана тегін. Ешқандай пәтерге ақша жұмсамаймыз. Іші таза, қолайлы. Өзімнің жәрдемақыммен мен қосымша жұмыстармен айналыса аламын. Автобустарға ешқандай ақша құртпаймын. Корпустың жанында болғаннан кейін кіріп-шығуым оңай. Қауіпсіз, күзетшілері де бар.

Эксперттер экономиканың әр саласына кадр тапшылығы барын айтып отыр. Жұмысшы және кәсіптік мамандықтарға жасалған жағдай осы мәселенің шешімі болады, - дейді мамандар.

Махметғали Сарыбеков, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

- Осы еңбек адамының дәрежесін біз көтеруіміз керек. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуымыз керек. Біздің экономиканың әртүрлі салаларында қандай мамандықтар керек екенін соны жақсы болжам жасай білуіміз керек. Мінекей, болашаққа біз осы білім бағдарламаларын бейімдеуіміз керек. Жұмыс берушілерді тартып, олармен ұзақмерзімді келісімшарттарға тұруымыз керек.

Жамбыл облысында жас мамандарды жұмыспен қамту жүйелі жолға қойылған. Жылда оқу орындары мен кәсіпорындар арасында келісімшарт жасалады. Мәселен, биыл өндірістік кәсіпорындар тарапынан 350 маманға өтініш түскен.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан.