Алматыда биологиялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктер ортаға салынды
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтына 65 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде еліміздің ветеринариялық вирусология, иммунология, молекулалық биология және биологиялық қауіпсіздік саласында іргелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан институт мамандары 70-ке жуық биологиялық препарат өндірді. Олардың ішінде ең шоқтығы биігі – пандемия кезінде шығарылған отандық QazVac вакцинасы. Осы ғылыми табыс арқылы Қазақстан өзінің вакцинасын әзірлеген әлемдегі бесінші мемлекет ретінде танылды.
Бұдан бөлек, институт ғалымдары Маңғыстау облысында анықталған «түйе шешегіне» қарсы екпе жасап шығарып, соның арқасында ауру ошағы түбірімен жойылған болатын. Бүгін Алматыда іргелі институттың 65 жылдығына орай әлемнің 9 елінен 200-ден аса зерттеуші ғалым бас қосып, биологиялық қауіпсіздік саласындағы жаңа ғылыми жетістіктерді ортаға салды.
Қуандық Жүгінісов, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ҒЗИ зертхана меңгерушісі:
- Қазіргі кезде ветеринария саласында көптеген аса қатты жұқпалы аурулар бар. Сол аурулардың алдын алу мақсатында мониторингтік зерттеулер жүргізеді. Сол аурулардың қалай дамып жатқанына, таралып жатқанына болжам жасайды. Мысалы, қойдың қатарлы қызбасы деген ауру бар. Ол да өте қауіпті аурулардың қатарына жатады. Аусыл. Міне, сол бағытта жаңа жұмыстар, жаңа зерттеулер бастап жатырмыз.