Сенатор грант құнын өсіруді ұсынды
Елде медициналық жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттың құны төмен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде ол 1 білім алушы үшін 1 млн теңгеден сәл асады. Шын мәнінде, болашақ дәрігер даярлаудың өзіндік құны 2 млн теңгеден кем болмауға тиіс. «Себебі медициналық кадр оқытып шығудың шығыны көп, дамыған елдерде ол өзге мамандықтарға қарағанда 4 есеге дейін жоғары», - дейді Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова.
Депутат бүгінде елдегі медициналық жоғары оқу орындары қаржылық қиын жағдайға тап болып отырғанын жеткізді. Олар өзін өзі қамту үшін ақылы бөлімдегі студенттердің санын көбейтуге мәжбүр. Соңғы 3 жылда олардың саны 50%-ке артқан. Мәселен, биылғы оқу жылында 63 мыңнан аса студент болса, оның тек 41%-і мемлекеттік грант есебінен білім алып жатыр. Салдарынан аудитория, жатақхана тапшылығы басым. Жабдықтардың 60%-і ескірген.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Грант құнының төмендігінен және жүктеменің аса жоғары болуынан медициналық ЖОО оқытушы-профессорлық құрамын лайықты жалақымен қамтамасыз ете алмай, мамандардың жаппай саладан кету ықтималдығы артып жатыр. Жас дәрігерлердің білімі көп жағдайда жеткіліксіздігі жоғарыда аталған кемшіліктерден екені түсінікті, ал оның зардабын халық көріп отыр. Медициналық мамандықтарын оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін гранттың құнын қайта қарауды сұраймыз.