Қазақстан Жаһандық білім және инновация саммитіне қатысты

Қазақстан мен Оңтүстік Корея білім беруді цифрландыру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Осы мақсат бойынша еліміздің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Сеулде өткен білім және инновациялар жөніндегі жаһандық саммитке қатысып, кореялық әріптесі Ли Джу Хомен кездесті.

Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі ретіндегі шетелге алғашқы сапарын Оңтүстік Кореядан бастады. Онда ол 200-ге жық сарапшының басын қосқан Жаһандық білім және инновация саммитіне қатысты. Сеул бүгінде білім беруді цифрландыру бойынша әлемде көш бастап тұр. 

Ли Джу Хо, Корея Республикасының білім министрі:

- 2025 жылы біз жасанды интеллектімен жұмыс істейтін цифрлық оқулықтарды әлемде алғаш рет білім беру жүйесіне енгіземіз. Ағылшын тілі, математика және бағдарламалау сияқты 3 пән  барлық мектепте осы бағдарлама негізінде оқытылады. 

Владислав Цой, тілші:

- Қазір Кореяда ағылшын тілі, қоғамтану және ғылым сабақтарында электрон оқулықтар кеңінен қолданылады. Ал 2025 жылдан бастап мектептегі барлық пәндер электрон қосымшалар арқылы оқыту жүйесіне көшіріледі. Мұндай смарт оқулықтардың артықшылығы – олар интерактивті және мектепке кітап тасудың еш қажеті болмайды. 

Қазақ министрі оңтүстіккореялық әріптесімен колледж студентерін алмасу жайын талқылады. Сондай-ақ мұғалімдердің тәжірибесін ортаға салу жобасы да пысықталды.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Корей тарапы 300 мыңға жуық 3 жылдың ішінде студенттерді қабылдауды жоспарлап отырғандығын және жалпы 400 мыңға жуық мұғалімдерге тәжірибе тарату бағытында өздерінің жоспарлары бар екендігін бізге баяндады. Сол бағытта біз жалпы екі тарап бұл бағытта да үлкен жоспарлы шараларды іске асыратындығы тұрғысынан  уағдаластықты келістік. 

Ғани Бейсембаев Сеул саммитінде шағын жинақты мектептерді цифрландыру бойынша Ақтөбе облысында басталған пилоттық жобаны таныстырды. Бағдарлама аясында интернетке қосылған 89 мектепте қазір 36 мұғалім 4 мыңнан астам оқушыға интерактив дәрістер беруге мүмкіндік алған. Ал ғаламторға қосылмаған 9 мектепте білім беру материалдары әзірге электрон нұсқада таратылады.

Владислав Цой, Ольга Лян