Түркістанда түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресі басталды
Әлемнің 20 мемлекетінен 400-ден астам математик ғалым бас қосқан ғылыми форум Түркі әлемінің математикалық қоғамы мен еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімдігі және Халықаралық қазақ-түрік университеті де жиынға қолдау білдірді.
Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік Конгресінің ашылу салтанатында облысы әкімі Дархан Сатыбалды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда бұл шараның мән-мағынасы зор екені, Конгрестің математика ғылымының дамуына тың серпін беретіні баяндалған.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Қазақстанда математиканың мықты мектебі қалыптасқан. Ғалымдарымыз өзекті мәселер бойынша зерттеулер жүргізіп, әлемге танылды. Жас дарындарымыз халықаралық жарыста топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Түркістан өңіріндегі жастардың да математика ғылымына қызығушылығын оятып, жақсы бағытқа қояды деп сенеміз.
Конгрестің негізгі мақсаты – ғалымдардың халықаралық байланысы мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту. Сонымен қатар математика ғылымының дамуы мен ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ғылыми зерттеулерде және техника мен білім беруде кеңінен қолдану. Форумда математиканың ең негізгі 10 бағыты бойынша баяндама жасалды.
Бақытжан Жұмағұлов, Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті:
- Қазір әлемнің көшбасшы ғалымдарының 500-ден астам тезистері мен баяндамалары келіп түсті. Демек, Конгресс ғылыми жаңалығымен, құнды ойларымен ерекшеленеді деп айта аламын. Математиктердің Түркістан Конгресінің маңызды шешімдері тарихта өз ізін қалдырады деп сенемін.
Пеями Баттал профессор, доктор (Түркия өкілі):
- Математика ғылымын дамытып, оны компьютерлік мүмкіндіктермен және өндіріспен байланысын нығайтудың маңыздылығы зор. Оның барлығы түсініп отыр. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, ғалымдар қойылған міндеттерді іске асыруда математика ғылымының рөлін арттыруға ерекше назар аударады деп ойлаймын.
Сонымен қатар жиында мектеп қабырғасында ақпараттандыру мен математиканы оқытудың заманауи мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек Конгресте түркі әлемінің математиктері көтерген өзекті мәселелерді бірлесіп шешетін ғылыми бағдарламалар дайындау ұсынылды. 3 күнге жалғасатын форумда математика ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдар марапатталады.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов