Елімізде жас ғалымдарға баспана беріледі
Елімізде жас ғалымдарға қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Енді оларға Үкімет тарапынан жыл сайын 200 баспана бөлінеді. Ал профессорлардың жалақысы жыл сайын 20%-ке өседі. Бұл туралы Жетісу өңіріне сапары барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Салаға алдағы 3 жылда 650 миллиард теңге бөлінеді. Оның 6,5 млрд теңгесі ғылымды дамытуға жұмсалады. Ақысыз жұмыс атқаратын Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне айлық тағайындау жайы да қарастырылып жатыр.
Министрлік өз кезегінде өңірлердегі жоғары оқу орындарын дамытуға күш салады. Ол үшін 15 өңірлік, 5 педагогикалық университет таңдалды. Соның бірі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті. Ведомство басшысы университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, кітапханасы мен телестудиясын көрді. Жатақхана мәселесі де сөз болды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Осы жылдың соңына дейін 32 жатақхана тапсырылады. 2-3 жылдың ішінде түбегейлі осы мәселе шешілетін болады. Тағы да бір үлкен жаңалық – ол қабылданып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң. Ол заңның ішінде ғалымдардың мәртебесі көтеріледі. Әлеуметтік баспана мәселесі толығымен шешілетін болады.
Райгүл Желдібаева, философия ғылымдарының докторы:
- Саясат Нұрбек мырза бізге толыққанды жауаптарын бере алды. Бұл жаңағы ашық алаң ретінде болды. Біздің қызығушылығымыз, мотивациямыз арта түсті. Біздің түсінгеніміз бойынша, алдағы уақытта ғалымға деген қаржыландыру жағынан болсын, ғалымдардың әл-ауқатын көтеру жағынан болсын, көптеген жұмыстар атқарылады. Мысалы, менің өзімнің сауалым, «500 ғалым» жобасы бойынша болды. Бұл – біздің Президентіміздің бастамасы «500 ғалым» деген жоба.