Курчатов қаласында шетелден көшіп келген қандас мектепте табысты еңбек етіп жүр

Абай облысының Курчатов қаласында қандастарымыздың қатары көбейіп келеді.

Олар шағын шаһарда әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Солардың бірі жас мұғалім Айболат Оразхан. 

2010 жылы Қытайдан отбасымен бірге Атамекеніне оралған Айболат Оразхан Курчатовтағы №1 орта мектепте жұмыс істейді. Жас маман 5 жылдан бері осы білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 

Фарида Абай, 5 - сынып оқушысы:

- Біз қазір халық ауыз әдебиеті туралы өтіп жатырмыз. Мұғалім бізге көбінесе мақал-мәтел, ертегілерді жаттап, оқуға береді. 0.32скл0.38 Мұғалім өте жақсы түсіндіреді. Бәрі түсінікті. Бүкіл сыныбымызға ұнайды сабағы. 

Айболат үнемі ізденіс үстінде жүреді. Біліктілікті арттыру курстарына жиі қатысады. Оның тәрбиелеген шәкірттері білім сайыстарынан жүлдесіз қайтқан емес. 

Аида Құсайынова, 11- сынып оқушысы:

- Мен 2021-2022 оқу жылында Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі мен республикалық кезеңіне барып, екінші және үшінші орынды иелендім. 

Айболат мұғалім менің қазақ тілі, әдебиетіне деген махабатымды ашып, сол пәнге деген сүйіспеншілігімді оята білген жан болып табылады. 

Әйгерім Смағұлова, Курчатов қалалық №1 жалпы білім беретін мектептің директоры:

- Оразхан Айболат 2013 жылы біздің мектебімізді бітірген түлек. Сол жылы Шәкәрім атындағы университетке түсіп, қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі бітіріп, мектебімізге қайта оралып, сабақ беріп жатыр. Беделді, абыройлы, жас мамандардың бірі. Сабақ беру әдісі, тәсілі өзгеше. Балаларды баурай біледі. Сынып жетекшісі ретінде де ата-аналардың алдында беделі зор. 

Өзі оқыған білім ордасына қайта оралған жас маман бүгінде мұғалімдер мектепке келуге асығатынын жасырмайды. Өйткені, қазір педагогтердің мәртебесі биік, жалақысы жылдан жылға өсіп келеді. 

Айболат Оразхан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Тек ғана жалақының көптігі емес, соған сай атқаратын қызметіміз де күннен күнге қарыштап дамып келе жатыр. Оның үстіне бұрынғыдай емес, интернет дамығаннан кейін әрбір мұғалім интернетте жұмыс жасай  білу керек. Бұрынғы информатика мұғалімдері сияқты әрбір пән мұғалімі  өзінің пәніне байланысты интернеттік желілерді жақсы пайдаланып, сабақ беруі керек. 

Айболат Оразхан сабақ тыс уақытта да шәкірттеріне көңіл бөледі. Ақындармен кездесуге қатыстырады, олардың сөз сөйлеу шеберлігін шыңдау үшін дебатқа дайындайды. «Мұның бәрі оқушының жан жақты әрі білім көкжиегінің кең болуы үшін қажет» дейді ол.

Абай облысынан Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы