Ғалымдарымыз коррозияға қарсы бояу технологиясын ойлап тапты
Отандық ғалымдар коррозияға қарсы бояу жасайтын тың технология ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ғалымдардың бұл еңбегі елеусіз қалмады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ғылымды коммерцияландыру сатысынан сәтті өтті. Қазір жоба авторлары Астанадағы бояу шығаратын зауытпен бірлесіп жұмыс істеуге кіріскен.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Ғалымдар коррозияға қарсы бояу технологиясын қазір өндіріске енгізуге дайындалып жатыр. Ол үшін мынандай зертхана да жасақтап қойыпты. Бұл бояулар мұнай-газ, энергетика құбырларын бояуға арналмақ.
Өнертабысты қазір «Ғылым қоры» қолдап, қаржыландыра бастады. Жаңа өнімнің болатты ұзақ жылдар тоттан қорғауға қауқары бар. Яғни, 15 жылға дейін темірді шіріп кетуден сақтайды.
Гүлмира Баймағанбетова, жоба жетекшісі:
- Зертханамыз жабдықталды. Барлық жабдықтарын алдық. Келіп жатқан шикізат өнімдері мен өндірілген өнімнің бәрі сападан өтуі керек. Сондықтан зертхана сол сапасын тексереді. Қазір түрлі мұнай саласындағы мекемелермен кездесулер өтіп, таныстырып жатырмыз.
Ғылыми жоба қазір бояу зауытының базасында сынақтан өтіп жатыр. Экологиялық өнімге әлден сұраныс бойынша кезекте тұрғандар бар. Сондықтан ішкі нарықты толық қамти аламыз, - дейді мамандар. Себебі бұған дейін алып өндіріс орындары коррозияға төтеп беретін бояуларды тек шеттен тасуға мәжбүр болған.
Максим Демышев, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары:
- Қазақстанда лак-бояу өнімдерінің жалғыз өндірушісі болып табыламыз. Біз қазақстандық борпылдақ және сұйық шикізаттарды қолданамыз. Дайын бояулар әртүрлі өнеркәсіптік салаларда, мысалы, тау-кен, автокөлік, көпірлерді бояуға қолданылады.
Енді ғалымдар бұл ғылыми еңбегін патенттеп алмақ ниетте. Өтініш беріп, нәтижесін күтіп отырғанын айтады. Ал бояудың осы түрін зауытта жыл соңына дейін шығарамыз деп отыр.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурызбай Құрманғазы.