Елордада 15 жаңа оқушылар сарайы салынады
Астанада 2029 жылға дейін жаңа 15 оқушылар сарайы бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».
5 орталықтың құрылысы жуық арада басталады деп жоспарланған. Бүгін Мемлекет басшысы Астанадағы «SANA» оқушылар сарайына барып, оның жұмысымен танысты.
Айта кету керек, бұл нысанды жеке кәсіпкер өз есебінен тұрғызған. Жоба құны 5 млрд теңгеге жуықтайды. Мемлекет басшысы әрбір қалада, ауданда осындай орталықтар ашылуы керектігін айтты. Себебі бұндай кешендер балалар үшін, өскелең ұрпақ үшін қажет.
Бұл – елордадағы су жаңа «SANA» оқушылар сарайы. 5 қабатты ғимарат 7 ай ішінде тұрғызылып, биыл 1 қыркүйекте өз есігін айқара ашқан. Мұнда бір мезгілде 700 оқушы түрлі үйірмелерге келе алады. Ғимаратты салу үшін 5 млрд-қа жуық қаржы жұмсалған. Бүгін заманауи нысанды көру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы ат басын бұрды. Президентке техникалық модельдеу үйірмесіне қатысушы жеткіншектер Қайсар Қабиболла мен Ахмедияр Бақыт өздері жобалап жатқан кеме мен багги көлігінің үлгілерін таныстырды.
Қайсар Қабиболла, оқушы:
- Мен ағаммен бірге анау 3Д принтермен жасадық. Содан бізде 2 үлкен корпус шықты. Біз оларды бітіргенде былай болады. Бұл – оның корпусы. Шпаклевка істейміз.
Ахмедияр Бақыт, оқушы:
- Мен бұл машинамен жарыста үшінші орын алдым. Ол жарыста сынып қалды. Енді оны жөндеп жатырмын.
Негізі «SANA» оқушылар сарайында 60-тан астам үйірме бар. Бұл жерде 5 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер келіп, өзі ұнатқан ісімен айналыса алады. Мәселен, 10 жастағы Аңсар Тұрсынғали бауыры Ахмедияр екеуі қыш өнері үйірмесіне қызыға қатысып жүр.
Аңсар Тұрсынғали, оқушы:
- Мен құмыра жасауға қатысып жүргеніме 1 айдан асты. Мен осы құмыраны істеу үшін бірінші саз-балшықты 10-15 минут мыжыдым. Екінші, осы інім сияқты станокқа отырып, осы құмыраның формасын істедім. Сосын 1 күн өткен соң ол далада қатады шамалы. Сосын өңдейміз.
Айта кету керек, «SANA» оқушылар сарайы – мемлекеттік емес, жекеменшік мекеме. Аумағы 7,5 мың шаршы метр ғимаратта соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, акт залы, подкаст және фото студиялары мен жүзу бассейні бар. Үйірмелердің негізгі бағыттары – әлеуметтік ғылымдар, қолөнер, бейнелеу, музыка және би өнері. Ал сабақ уақыттары 50, 60, 80 минутқа дейін созылады. Оқушылар сарайында Президент домбыра үйірмесіне келіп жүрген балалардың да өнерін тамашалады.
Тағы бұл орталықта оқушылар шеберханалардан бөлек, өз білім деңгейлерінде тексере алады.
Жансерік Саттар, «SANA» оқушылар сарайының директоры:
- Профориентациялық жұмысымыз бар. Балалардың ЖОО түсу үшін ағылшын тілі болсын, мынау ҰБТ дайындайды. Соның барлығы құжаттар дайындағанда осындай керемет білімдерін анықтай алады.
Заманауи оқушылар сарайының жұмысымен танысқан Президент әрбір қалада, ауданда осындай орталықтар ашылуы керектігін де айтты. Себебі бұндай нысандар балалар үшін, өскелең ұрпақ үшін қажет. Ал Астана қаласының әкімі елордада 2029 жылға дейін жаңа 15 оқушылар сарайы бой көтеретіндігін айтты. 5 орталықтың құрылысы жуық арада басталады деп жоспарланған.
Авторы: Риат Шони.