Еуразия ұлттық университетінде «Хабар» Агенттігінің декадасы басталды

Шара аясында агенттік қызметкерлері студенттермен кездесу өткізеді.

Медиа саласының мамандары тәжірибесімен бөлісіп, жас ізбасарларынның сұрақтарына жауап береді. Бүгінгі кездесу «Заманауи ақпараттық коммуникациялардағы жаңа медиа» тақырыбында өтті. Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері салаға қатысты сұрақтарын қойып, кәсіби мамандармен пікір алмасты. Дәріс «Хабар» Агенттігі мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық аясында өткізілді.

Әділ Сейфуллин, "Ел Арна" телеканалының бас продюсері:

- Телеарналар бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды бөлігі. Бірақ қазіргі таңда  жаңа медиа қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік желілерді көп қолданады, блогерлер өте белсенді. Бүгінгі студенттермен заманауи ақпарат құралдары туралы сөйлестік. Қызығушылық танытқан жас мамандарды жобаларға тартып, бірге жұмыс істеуге дайынбыз.