Алматылық мұғалімнің шәкірттері білім сайыстарынан жүлдемен оралады
«Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Одан да жеңісін ізде».
Бұл Алматыдағы №27 гимназияның мұғалімі, жас маман Жансая Жақсықұлованың айнымас ұстанымы. Ол орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ұстаздық тәжірибесі 6 жыл ғана болса да оқушылардың жүрегінен орын алып үлгірген. Ізденімпаз маман республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінің» III орын иегері.
Жансая Мейірбекқызы «ұстаздық жол бала арманымның бірі еді» дейді. Мамандығы бойынша жоғары білім алған ол, қаладағы 27 гимназияда қатардағы мұғалім ретінде еңбек жолын бастайды. Қазір оның айналасынан шәкірттері үзілісте де алыстамайды. «Уақыт өте келе арманымның алдамағанына көзім жетті», - дейді ол бүгінде.
Жансая Жақсықұлова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Бұл мамандық менің бала күнгі арманым болатын, кейде ойлап қоямын бұл мамандықты мен емес, бұл мамандық мені таңдаған секілді. Себебі балалармен жұмыс жасау, балалардың білім алуы олардың тәрбиесі маған өте қуаныш сыйлайды.
Орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ берудің өз ерекшелігі бар. Пән арқылы өзге ұлт өкілдеріне қазақтың мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін үйрету жауапкершілігі қоса жүктеледі. Қазір Жансаяның шәкірттері «Зерде», «Дарын» сияқты білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бұл жанкешті еңбектің жемісі.
Жансая Жақсықұлова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Қазіргі заманнның балалары альфа балалар дейміз ғой, альфа балалар келе жатыр. Ол балалардың қызығушылықтары өте бөлек, ал біз балаларды сабаққа қызықтыру үшін, бірінші, солардың қызығушылықтары арқылы біз сабағымызды өткізе аламыз.
Ол үшін Жансая сабақ барысында заманауи технологияларды қолданады. Бірақ онлайн платформаларды шектен тыс қолданып, сабақты шоуға айналдырып жіберу дұрыс емес, дейді Жансая. Тақырыпты игеруде дәптермен, кітаппен жұмыс та тыс қалмауы керек. Оның бұл әдісін әріптестері де қолдайды.
Жадыра Қасымбаева, тәлімгер:
- Жансая Мейірбекқызы өзінің білімімен ғана емес, өзінің болмысымен шәкірттеріне үлгі бола білген ұстаз деп ойлаймын. Қызықты етіп өткізеді сабақтарын, оқу дағдысына жету үшін әр сабағында түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып, оны заманауи ақпараттық технологиялармен байланыстырып өткізеді.
Жансая Мейірбекқызы әлеуметтік желіде де белсенді. Өзінің сабақ берудегі жетік әдістерімен ел аймақтарындағы әріптестерімен онлайн бөлісіп отырады.
Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов