10-ға жуық мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілді
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп айтамыз.
Ал сол ұстаз қауымына мемлекет қаншалықты жағдай жасап отыр? Жалақы көбейіп, қағазбастылықтан біртіндеп арылып жатыр. Мамандықтың бар мұңы осымен шешілді ме?
Бүгін мереке қарсаңында Президент мұғалімдердің жұмысын жоғары бағалап, алғыс білдірді. Қиын-қыстау уақытта саланы өрге сүйреген 10-ға жуық маманға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді.
«Ұлт боламын десең, ұстазыңның халін біл» деген сөз бар. Ашығын айту керек, ұзақ уақыт бойы саланың толғақты түйілкілі назардан тыс қалып жүрді. Күннің көзі сынық сүйем көтерілгеннен қара кешке дейін жалғасатын ұлы қызметтің ұлағаты азайып, қадірі қашты. Қағазбастылықтан қолы қалт етсе, бітпейтін жиын-сенбіліктер ұстаздықтың ұсқынын қашырды. Сол уақытта Президент бастамасымен Педогог мәртебесі туралы Заң қабылданды.
Мұғалімдер мәртебесі жайлы бұған дейінгі Жолдауда да бірнеше рет айтылды.
Содан бері арада 4 жыл өтті. Осы аралықта ұстаздардың жалақысы 2 есе өсіп, еңбек демалысы ұзарды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстар алынып тасталды. Десе де ұстаздар мамандықтан маза қашқан уақытта да ісіне адалдықпен қарады. Қазақстандық оқушылар ширек ғасыр ішінде пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл көрсеткіш Израиль, Түркия, Канада сынды мемлекеттермен шамалас.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістікті жоғары бағалап, мұғалімдерге алғысын білдірді. 10-ға жуық маманға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді.
Майра Рабатқызы ұстаздардың алқалы жиынына Алматы қаласынан арнайы келді. Ол 40 жыл бойы балаларды математикаға баулып келеді. Мұғалімнің айтуынша, оқушылар негізгі білімді мектептен алып шығу керек.
Майра Мәмбетова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»:
- Қазақ бекер айтқан жоқ ғой. Білекті бірді жығады, білімді бірді жығады. Сондықтан негізгі білімді оқушылар мектептен алса деген ойдамын. Білімді мұғалімдер мектепке бару керек. Президентіміздің ауыл мектептеріне көңіл аудару, көбірек екі ауысым, бір ауысымдық мектеп салайық дегені өте ұнап тұр. Мұғалімдер жалақасын көтеріп жатқаны, ол да жақсы.
Мерекелік мезірет ұстаздар үшін естен кетпес сый болды. Олар: «Мемлекет басшысының құрметі, мұғалім мәртебесін одан әрі көтереді», - дейді. Жалпы ұстаздарды қолдау әрі қарай да жалғасады. Енді мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне де баса мән береді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та нықтап айтты. Жастарға да талап күшейеді. Сол үшін осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді.
Айгүл Ержанова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»:
- Мен күтпеген үлкен жаңалық болды. Өйткені мұғалім еңбегінің бағалануы – қазір үлкен мәртебе. Мұғалімдер мәртебесін көтергені үшін алғыс айтамын. Ұстаздық ету оңай емес. Осы мамандықты сүйетін адам ғана келе алады.
Алдағы уақытта саланы біраз өзгеріс күтіп тұр. Мұғалімдер қандай жаңашылдық келсе де ұлттық тәрбие, болмыс мәселесі күн тәртібінен түспесе дейді. Бұл мәселе Президенттің де назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн», - деді.
Айжан Капезова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»:
- Балалардың тәрбиелеу құндылықтарына көп көңіл бөлу, сол құндылықтарды әрі қарай жалғастыру мәселесі өте қатты ұнады. Және ұлттық болмыс, өз салт-дәстүрімізге, патриоттыққа тәрбиелеуге шақырды. Әрине, өте маңызды. Қол жұмсау, зорлық-зомбылық көбейіп кетті.
Иә, бүгінде мұғалім мәртебесі қайта оралды. Ұстаздық қайта ұлықтала бастады. Бұл елдің ертең үшін маңызды. Себебі білімге бей-жай қараған мемлекеттің дамыған елдермен терезе теңестіруі екіталай.
Авторы: Бекзат Аманов.