Білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Ақорда

Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде айтты.

Үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз. Педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілі өзгереді. Барлық мектепке бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Қазмедиада қарбалас. Әдетте түсіріліммен абыр-сабыр болып жататын медиа орталықта бүгін ерекше атфосмера. Астанаға елдің барлық аймағынан ұстаздар жиылды. Мәре-сәре. Көңілдері шат. Кейбірі смартфонын съездегі суреттермен толтырып жатыр.  

Бүгінгі күнді таспалап алатындай себеп бар. Өйткені осы кезге дейін қазанның алғашқы жексенбісін еншілеген мұғалімдер мерекесіне биылдан бастап арнайы күн бекітілді. Бұдан былай 5 қазан – Ұстаздар күні. Оның үстіне төл мерекеде республикалық съезд өтіп, оған Мемлекет басшысы қатысты. Хош. Енді Президенттің алқалы жиында айтқанына тоқталайық. Әуелгі мәселе – ұстаздың біліктілігін арттыру.

Педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілі өзгереді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді.

Жасырып-жабатыны жоқ, жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Сондықтан Мемлекет басшысы заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарап, жаңғырту қажет деді. Одан соң педагогтердің біліктілігін бағалау жүйесі де реттеледі. Президент осы мәселені айтқанда зал іші қошеметтен жаңғырды. Себебі біліктілік талаптарының жиі өзгеруі – мұғалімдерді қажытқан. Енді олай болмайды. Салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатады.

 

Қ. Тоқаев: Үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз

Екінші мәселе – балалардың заманға сай озық білім алуы. Көріп отырмыз, қазір еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатыр. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйе алмастырады деп болжаған. Сондықтан көштен қалмаймыз десек, технологияны меңгеру қажет. Үшінші мәселе – мектептегі орын тапшылығы.

Халық саны қазір 20 миллионға жуықтап қалды. Елде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демек мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбеймек. Алдағы 3 жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның қарқыны білім жүйесіне салмақ. Енді бұл мәселені реттеуге «Жайлы мектеп» бағдарламасы септігін тигізуі керек.

 

Барлық мектепке бейнебақылау жүйесі орнатылады

Қазір не көп? Бір-бірін жағадан алған оқушы көп. Шыны керек, кейінгі кезде осындай жағдай белең алды. Салдарынан қорлық көрген жеткіншектер суицидке барады. Мұны ұстаздардың өзі ашық айтып отыр.

Айжан Капезова, Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

- Қазіргі кезде көптеген немқұрайлылық орын алып жатыр. Әсіресе өздеріне өздері қол жұмсау. Зәбірлік көрсету деген.

Енді мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Бұл – Мемлекет басшысы басымдық берген төртінші мәселе. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бөгде адамдардың білім ордасына кіруіне жол беруге болмайды», - деді. Сондықтан мектептің бәріне дабыл қағу және бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек.

 

Қ. Тоқаев: «Балаларыңызды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар»

Осы съезде Мемлекет басшысы ата-анаға қарата сөз айтты. Президент: «Балаларыңызды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар», - деді. Ұл-қызды бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылығына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертті. Бұған ұстаз қауымы шын қуанды. Себебі...

Айнагүл Елемесқызы, ұстаз, республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауының жеңімпазы:

- Себебі ата-аналар тарапынан балаларды тым қорғау, педагогтер алдында өзінің баласын ғана қорғау мәселесі расында да бір жақты ғана қаралып келе жатыр. Сондықтан дәл мерзімінде, қазірден бастап бала тәрбиесіне, сол мезетте назар аударған тұста кейін баланың болашағына кері әсер етпейтінін атап өткені бізді қуантады. Одан кейін көтерілген мәселелердің ішінде оқытушылардың ұдайы арттырып отыру мәселесі қаралды. Бұл енді күн тәртібінен түспейді. Әсіресе өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

 

Барлық ауыл мектебі интернетке қосылады

Қала мен ауыл мектептеріндегі білім теңсіздігі жойылады. Бұл – Президент тапсырған бесінші мәселе. Шыны керек, ауылда балалардың білім алу мүмкіндігі шектеулі. Құрал-жабдық жетпейді. Мұғалім тапшы. Бір сыныпта түрлі жастағы балалар оқиды. Мемлекет басшысы елді мекендердегі оқу орындарын жаңғыртуға кәсіпкерлерді жұмылдырамыз деді. Мемлекет пен бизнестің серіктестігі аясында 3 жылда кем дегенде ауылдардағы мың мектеп керек-жарақпен толық жабдықталады. Жалпы Президенттің айтқаны барлық жерде мектеп жайлы болуы керек.

Шыңғыс Молдасапар, Павлодар қаласындағы №7 жоббм биология пәнінің мұғалімі:

- Бұл, әрине, біздер үшін өте жақсы жаңалықтың бірі деп есептеймін. Себебі бүгінгі таңда қандай жайлы мектеп болса, сондай инновациялық оқушылар шығады. Инновациялық мамандар да көбейеді деген ойдамын.

Білім беру үдерісін цифрландыруды үдету. Бұл – Мемлекет басшысының алтыншы тапсырмасы. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернет жеткізіп беруді міндеттеді. Сосын жақында Аққұм ауылындағы жағдайды да еске алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының Аққұм ауылында ұстаздар интернет жылдамдығы төмен болғандықтан, электронды журналдарын алқапта толтыруға мәжбүр болғанын көрдік. Бұл – жүйелі проблема. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. 6 айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Егер нәтиже болмаса, кадрлық шешім қабылдаймын.

 

Қ. Тоқаев: Бала бойына қазақтың салт-дәстүрін сіңіру аса маңызды

Президент ең алдымен 2027 жылға дейін ғаламторға қосылмаған білім ордалары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады деді. Жә. Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Бұл – жетінші мәселе. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар», - деді. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керек. Әсілінде ұлттың жаңа сапасы деген осы.

Нұртас Ахатұлы, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры:

- Съездің ең бір маңыздылығы, мемлекетімізге жаң қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру саласында жас ұрпақты тәрбиелеу маңызды. Биылғы жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда ел Президенті адал ұрпақ тәрбиелеу мәселесін қойған еді. Сондықтан қазір еліміздің барлық мұғалімдер ұжымы, барлық ұстаздар қауымы ең негізгі мақсат біздің мемлекеттік рухты қалыптастыратын жаңа ұрпақты тәрбиелеуде үлкен миссияны анықтап отыр.

 

Республикалық педагогтер съезі

Енді білім ордаларында ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарға басымдық беріледі. Төл мәдениетіміз дәріптеледі. Нағыз отаншыл, патриот жастар сол кезде қалыптаспақ.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Ал ұрпақ тәрбиесінің басында ұстаз тұрары хақ! Ендеше қай кезде де педагогке артылатын жүк ауыр. Тиісінше құрмет те бөлек болуы керек. Құрмет дегенге келгенде, Мағжаннан асырып айта алмаспыз. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі».

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев.