Астанада алғаш рет «Ұстаздар саммиті» өтіп жатыр
Іс-шара аясында әлемге танымал педагогтар арнайы шеберлік сағаттарын өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Саммиттің бірінші күні «GLOBAL TEACHER PRIZE» сыйлығының лауреттары жергілікті ұстаздарға дәріс оқыды. Сонымен қатар білім беру саласындағы тың тәсілдер мен авторлық курстар ұсынылды.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Қазір математика пәні бойынша әлемдік деңгейдегі оқулықтардың авторы Билл Джэксон теория жүзінде ғана емес, тәжірбие жүзінде оқушылармен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерімен бөлісуде. Жалпы қатысушылардың саны өте көп. Осындай тағы бір залда басқа пән бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылып жатыр. Бір сәтте 550-ге жуық ұстаз әлемдік деңгейдегі педагогтардан дәріс алып жатыр.
Кейша Торп – педагогтар үшін ең жоғарғы жүлде саналатын «GLOBAL TEACHER PRIZE» премиясының жеңімпазы. Ол америкадағы халықаралық мектептердің бірінде жұмыс істейді. Әлемді мойындатқан ұстаз қазақстандық әріптестеріне дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша қазіргі инновациялық технологиялар дамыған дәуірде мұғалімдердің біліктілігін арттырып, заман талабына сай жетілдіріп отыру аса маңызды.
Кейша Торп, «GLOBAL TEACHER PRIZE» премиясының жеңімпазы:
- Мен Мериленд штатындағы халықаралық мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Ұстаздық етіп жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Қазір директордың орынбасары қызметіндемін. Оқушыларымның арасында босқындар, ағылшын тілі негізгі тіл саналмайтын басқа ұлт өкілдері болды. Барлығымен жақын қарым-қатынас орнатып, білгенімді үйретуге тырыстым. Қазақстанда бұған дейін де болдым. Мұндағы ұстаздардың білімге деген құштарлығы ерекше әсер қалдырады.
Ұстаздар саммитіне арнайы келгендердің бірі – Әйгерім Османова. Ол – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ізденімпаз маман жиынға қатысып, маңызды ақпарат алғандығын айтады. Ұстаздың сөзінше, мұндай алаңдар педагогтер үшін қажет.
Әйгерім Османова, ұстаз:
- Әлемдік аренадағы ұстаздардың өз аузынан естіп тұрған дүниені біз, мұғалімдер, өзімізге сұрақ қоямыз. Ал біздің алдымыздағы балаларға біз қалай сабақ беріп жатырмыз? Біздің балалар шет елдің балаларымен теңесе ала ма? Сол сұрақтарға қазір жауап алып отырмыз.
Берікболсын Кемелбек, мектеп директоры:
- Әлемдік мамандардың, әлемдік ұстаздардың тәжірбиесімен бөлісіп, тәжірбиесін көру біз үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Қонақ мектептер арнайы Астана қаласынан және басқа да қалалардан қонақ ұстаздар келді.
Саммит 8 қазанға дейін жалғасады. Бұл – еліміздің мұғалімдеріне берілген мүмкіндік. Жиын аясында педагогтар «Әлем мұғалімдері аллеясына» ағаш отырғызады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мейрам Жүнісов.