Жезқазғандағы жанұяда педагогтардың еңбек өтілі 70 жылға жуықтаған

Жезқазғанда ұстаздар әулеті аз емес. 

Мәселен  Айдос  Омаровтың  жанұясындағы педагогтардың жалпы еңбек өтілі 70 жылға жуықтаған. Ата-анадан өнеге алып, жолын жалғаған ұрпақ,,, бүгінде осы салада еңбек етеді.

Үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететін ұстаздық жолды ер азаматтар көп таңдай бермейді. Дегенмен, біздің  кейіпкеріміз Айдос Омаров бастауыш сыныпта  жүргенде-ақ ұстаз болуды мақсат еткен.  Бала арманның жетігімен педагогикалық институтты тәмамдаған ол 30 жылдан бері бір мектепте табан аудармай жұмыс істейді. 

Айдос Омаров, №13 орта мектеп мұғалімі:

- Ер мұғалімдер көп таңдап, одан кейін басқа салаға ауысып кеткендер өте көп болды. бірақ мен өзім мектепте жұмыс істеуді жақсы көремін, балаларды жақсы көремін. осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Шаршайтын кездерім болады, бірақ, оқушылармен сөйлескен кезде шаршағаным басылады. 

Айдос өмірлік серігін де осы мектепте жолықтырған. Жұбайы Сағыныш Төребаева бастауыш сынып мұғалімі. Сан мыңдаған шәкіртке оң-солын танытып, әліппе жаттатқан ұстаз «жолдасым екеуміз бір-біріміздің жандүниемізді айтпай түсінеміз» дейді. Ерлі-зайыптылар бір салада жұмыс істеген соң отбасында өзара сыйластық орнаған. Айдос пен Сағыныштың тұңғышы Альмира да ата-ана жолын жалғап, өзі қанат қаққан мектепте мұғалім болып жүр. 

Альмира Аймағанбет, №13 орта мектеп мұғалімі:

- Негізі ата-анам менің дәрігер болғанымды қалаған еді. Бірақ, менің жүрек қалауым мұғалімдікке болды. Өйткені мен есімді білгелі, мұғалімдер отбасында тәрбиеленгеннен кейін білетінім осы. 

Сағыныш Төребаева, бастауыш сынып мұғалімі:

- Біз басымыз қосылып отыра қалсақ айтатын әңгімеміз мектеп қой. Кейде тіпті отбасылық отырыстарда отырғанда да қозғайтын тақырыбымыз мектеп, бала, ортақ әңгімеміз сол. Үйге келе салып, әкесіне: папа тезірек компьютерді қосыңызшы, мен ана қағазды жазып алуым керек. Сіздерге мынадай тапсырма берілді ме, осыны жасауымыз керек деп үйге кіргеннен айтатын бісмілләміз мектеп. 

Жезқазғандағы №13 мектеп ұстаздар династиясының ұстаханасы аталып кеткен. Айдос пен Сағыныш секілді ондаған жұп отбасымен бірге шәкірт тәрбиелеп отыр. 

Айгүл Ешмағанбетова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Мектебімізде осындай отбасылық мұғалімдер династиясы бар. Оншақты мұғалім бар. Ол кіслердің әрине бірге жұмыс істегені жақсы. Себебі отбасындағы әңгіме, отбасындағы әр түрлі іс әрекет мектепке байланысты болады. сондықтан, оның оңтайлы жақтары көп. 

Мұғалімдер әулетінің тағы бір өкілі жоғары оқу орнында білім алады. Таңдаған мамандығы металлургия. Бірақ болашақта осы сала мамандарына тәлім беріп, ұстаздық жолды жалғасам дейді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үзікбаев, Гүлшаһира Серекбаева