Шымкентте бала тілін дамытатын әдістеме әзірленді
Шымкент мектептерінде тіл дамуы тежелген оқушыларға арналған жаңа әдістеме әзірленді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Логопед-дефектолог Меруерт Жолтаева емдік-танымдық сабақты жетілдіру мақсатында халық шығармаларын қолдануға үндейді. Себебі оқушының сөйлеу қабілетіне жаңылтпаш жаттап, мақал-мәтел оқу оң әсер еткен. Жаңа әдістеме өзге де өңірлерде енгізіле ме?
Тәжірибелі педагог Меруерт Жолтаева әр оқушыға жеке дара көңіл бөледі. Олардың сөйлеу қабілетін дамыту үшін мақал-мәтелдерді пайдаланып, әдеби көркем сөздерге иек артады. Әріптер дұрыс айтылуы үшін артикуляциялық жаттығуларды да қолданады.
Меруерт Жолтаеваның ұстаздық жолда жүргеніне 25 жыл болды. Осы уақыт ішінде білім жүйесіне қазақ тілінде қос бірдей оқу құралын енгізді. Еселі еңбегі ескеріліп, педагогтар арасында «Үздік логопед» аталымына лайық деп танылды.
Меруерт Жолтаева, логопед-дефектолог:
- Әр дыбыстың өзінің профилі болады. Сол профильдерді білу арқылы менде балаларға дыбыс қоюда қиындық туындаған жоқ. Бүкіл қазақ тіліндегі 42 әріпке байланысты «Логопед сабағы» деген оқулық шығардым. Қазір қала көлемінде мектеп логопед-дефектологтары қолданып жатыр.
Қазір жаңа әдістемені аймақ педагогтары ғана емес еліміздің бірсыпыра мектебі пайдаланады. Оларға Меруерт Жолтаева дәріс беріп, біліктілігін арттыруға көмектеседі. Осының арқасында мектеп жасындағы балалардың сөйлеу қабілеті түзеліп келеді.
Гүлфайруз Ержанова, №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
- 1-сыныпқа келгенде сөйлей алмайтын балалар да бар. 4-сыныпқа дейін солармен жұмыс жүргізіп, 5-сыныпқа жалпы орта мектепке шығарылады. Балалар кәдімгідей сөйлейді, оқиды. Үлкен жетістік қой бұл негізі.
Мамандар бала тілінің дұрыс шықпауын түрлі жағдайлармен байланыстырады. Дамудың тежелу себептерінің бірі – смартфон мен гаджеттерге үнемі үңілу. Сондай-ақ ата-ананың балаға дұрыс көңіл бөлмей, қарым-қатынастың үзілуі де кері әсер етеді.
Меруерт Жолтаева, логопед-дефектолог:
- Бұрынғы әжелеріміз ертегі айтқан, бесік жырын айтқан. Бала көзге қараған. Тілі тез дамыды. Ал қазір ертегі, бесік жырын айтатын әжелеріміз кемде-кем. Ата-аналар да жұмысбасты болғандықтан, балаға толық көңіл бөлмейді. Гаджеттің әсерінен балада тіл кемістігі өте көп туындап жатыр.
Меруерт Жолтаева – алты құрсақ көтерген күміс алқа иегері. Үлкені жоғары оқу орнын тәмамдап анасының ізін жалғады. Ал кенжесі әлі балабақшаға барады. Отбасының отағасы ағартушылықпен қатар шаңырақ шаттығын сақтап отырған жарының әр бастамасын қолдап келеді.
Даниярхан Кішуар, жұбайы:
- Қазақта айтады ғой, «шешесіне қарап ал» деп. Мен енемді бір көргеннен-ақ түсіндім. Осы кісінің тәрбиесін алған шығар деп. Мінезіне қарап ғашық болдым, өзіне қарап ғашық болдым. Өкінбеймін, Аллаға шүкір. Жақсы отбасын құрдық, 26 жыл болды. Өте позитивті, өте алғыр.
Аймақтағы білім беру мекемелерінде тіл дамуы тежелген балаларға арнайы дәріс беретін маман тапшы. Меруерт Жолтаева бұл бағытта білікті педагогтерді арттыру үшін авторлық әдістемені үйретуге әзір екенін айтады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.