Елордада жоғарғы білім беру жүйесіндегі трендтер талқыланды
Елордада жоғарғы білім беру жүйесіндегі трендтер мен оқу процесін цифрландыру мәселелері талқыланды.
Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі 7-ші Орталық Азия халықаралық форумы аясында сала мамандары қолданыстағы оқу жүйелеріне шолу жасады. "Бүгінде жоғары оқу орындарындағы білім сапасын бағалаудың басты критерийі түлектерді жұмыспен қамту болып саналады. Ал технологиялық даму кезеңінде жаңа мамандықтар пайда болды. Ендігі міндет еңбек нарығында сұраныстағы қызметкерлерді дайындау",- дейді сарапшылар. Форумға Орталық Азия, Бельгия, Үндістан, Малайзия және Түркияның жоғары оқу орындарының басшылары келді.
Стефани Ловик, Еуропалық жоғары білім сапасын қамтамасыз ету тізілімінің президенті:
- Тәжірибемен бөлісу, әріптестердің әдістемелерін және олардың қазіргі заманда жоғары білім саласындағы қиындықтарды қалай шешетінін зерттеу, бір-бірінің жұмысын талдау маңызды. Осы форумға сол үшін жиналдық. Қазақстан жоғарғы білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша Еуропалық тізілімнің ең белсенді мүшелерінің бірі. Сондықтан биылғы кездесу сіздердің елдеріңізде өтіп жатыр.