Ұлытаулық меценаттар ЕҰУ-дың үш студентіне шәкіртақы тағайындады
Ұлытаулық меценаттар Еуразия ұлттық университетінің үш студентіне шәкіртақы тағайындады.
Камал Смайылов, Гибадулла Жакенов, Әжібек Сейіловтың есімдері берілген стипендиялар бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде табысталды. Өңірден шыққан білімді шәкірттерді қолдау мақсатындағы шара болашақта да жалғасын таппақ.
"Цифрлық Ұлытау". Арнауы стипендия иегерлері дәл осындай атаумен эссе жазып, арнайы байқауға қатысты. Студенттер Ұлытау өңірінде қордаланған мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын көрсеткен. Болашақта Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, туған өлкенің экологиялық проблемаларын шешуге қатысты ғылыми жоба дайындап ұсынбақ.
Ақбота Есенқабыл, ЕҰУ 1- курс студенті:
- Менің жобамның тақырыбы «Цифрлы Ұлытау» болды. Яғни Ұлытаудағы проблемаларды айта отырып, оның шешу жолдарын көрсеттім. Мысалға су туралы айтты. Су өзеннен аққанымен оны ешкім тазаламайды. Соны тазалау жолдарын айттым.
Бұған дейін Еуразия ұлттық университеті мен Ұлытау облысының әкімдігі арасында меморандум жасалған. Яғни университет ғалымдары жаңа өңірдің дамуына ғылыми үлес қоспақ. Айта кетерлігі, биыл Үкімет Ұлытау түлектеріне 73 грант бөлді, олардың көпшілігі осы білім ордасын таңдаған.
Шахмаран Сейілов, ақпараттық технология факультетінің деканы:
- Студенттердің ойларын біріктіріп аймақтық проблеманы шешетін бір грант дайындатып жатырмыз. Министрлікке өтініш береміз. Студенттер Ғалымдармен бірге сол өңірдің проблемасын зерттеп, өз шешімдерін ұсыну керек.
Өңірден шыққан ғалымдар, стипендия иегерлері туған жердің дамуына құнды үлес қосып, үмітті ақтайды деген сенімде. Студенттерге атаулы шәкіртақы тағайындау дәстүрі болашақта да жалғасын табуы мүмкін.
Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев