Шығыстағы ғалымдарымыз жаңа агротехника ойлап тапты
Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары егіс алқабына сұйық тыңайтқышты құюға арналған агромашина ойлап тапты.
Басты мақсаты – шетелдік құрылғылардың үлгісінде, бағасы қолжетімді отандық техника ұсыну. Алдағы уақытта қостанайлық агромеханика зауыты мамандарымен бірлесіп, агромашина өндірісін іске қосу жоспарда.
Сұйық тыңайтқыштарды құюға арналған машина сынақтан сәтті өтті. Техника 800 гектар алқапта тәжірбие жүзінде тексерілді. Жоба авторларының бірі Фарид Абитаев құрылғының жұмысындағы олқылықтарды анықтап, өзгертулер енгізуге атсалысып жүр.
Фарид Абитаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Агромашинаны құрастыру кезінде белгілі бір технологиялар мен элементтерді қолдандық. Сәйкесінше бағасы да арзан болады. Мәселен, шетелдік құралды жөндеу және қызмет көрсету бағасы 10 млн теңгеге жетуі мүмкін. Бүгінде жаңашыл жобамызға қостанайлық зауыт қызығушылық танытып отыр. Олар мемлекет тарапынан қолдау мен түрлі жеңілдіктерге ие.
- Чтобы сделать казахстанский продукт, исключить плагиат нам нужно изменить конструкцию
Бұл ғалымдар, шаруалар мен инженерлердің ортақ еңбегі. Жоба авторларының бірі Бағдат Азаматов агромашинаға арналған құрамдас бөліктер мен металл өнімдерін таңдап, беріктігін тексереді. Тыңайтқышты шашуға арналған құралдардың тиімділігін арттыру көзделген.
Бағдат Азаматов, орталық жетекшісі:
- Бірнеше кемшіліктері бар шетелдік аналогтарында. Ең бірінші, сұйық тыңайтқыштарды жерге енгізген кезде сұққылар жылдам тозады екен. Бірінші тозу мәселесін шешу керек. Екіншіден, «коррозия» дейміз ғой, сол жеп қояды. Бұл кешенді элементтердің және сұйық тыңайтқышты енгізу дөңгелегінің сыртында жарықтар пайды болады екен. Оның барлығы температуралық деформациядан, термиялық деформациядан пайда болады.
Тозығы жеткен отандық ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қажеттілігі туралы ел Президенті айтқан еді. Күрделі мәселені шешу үшін осы тектес агроинновациялар қажет. Мамандардың айтуынша, кешеннің бағасы шетелдік машиналарға қарағанда 30%-ке төмен, ал көктемгі дала жұмыстары кезінде қызмет көрсету құны әлдеқайда арзан болмақ. Жаңа құрал келесі көктемде пайдаланыла бастайды.
Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин