БҚО-да ЖОО-ның 5 үздік түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды
Елде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Батыс Қазақстан облысында 5 жас маман дәл осылай жұмысқа орналасқан. Олар ауылдық жерлердегі әкімдікте еңбек етіп жатыр.
Елордадағы жоғары оқу орнын қызыл димломмен бітірген Асылай өзі туып-өскен Жаңақала ауданында қызмет етіп жүр. Ол ешқандай конкурссыз-ақ бірден аудан орталығы әкімінің аппаратына бас маман болып тағайындалыпты. Жас кадр енді әлеуметтік салаға жауапты. Ол күн сайын қабылдау өткізіп, тұрғындарға кеңес береді. «Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашыл өзгерістер бізге қолайлы мүмкіндік берді», - дейді ол.
Асылай Биғалиева, мемлекеттік қызметкер:
- Иә, өте тиімді. Әсіресе жаңа бітіріп келген мамандарға біз секілді. Мысалы, көбі бітіргеннен кейін жұмыссыз жүреді. Өзіме ұнап жатыр. Ұжымым да жақсы. Барлығы жылы қабылдап, тек көмектесіп, жақсы бәрі. Минималды бір жыл жасаймын. Одан кейін бұйырғанын көрерміз.
Облыста 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Дегенмен салада кадр тапшылығы бар екені рас. Былтыр тиісті заңға енгізілген өзгеріс осы кемшілікті жоюды көздейді. Бүгінде конкурссыз негізде Жаңақала, Тасқала және Бәйтерек аудандарына 5 маман жолданды. Бұл бағыттағы шаралар легін одан әрі жетілдіру қажет. Өйткені өңір бойынша мемлекеттік қызмет саласында әлі 140 жұмыс орны бос тұр.
Мұрат Байсалов, облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:
- Бірінші талап, мемлекеттік грантпен оқуы тиіс және JPA 3,33-тен төмен болмауы керек. Қазіргі таңда шекті мәні осындай болып белгіленген. Білімді, талантты жастарды ауылдық, аудандық деңгейде мемлекеттік қызметке тарту тетігі болып табылады. 9 айдың қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдармен талдау жүргізіп, қай аудандарда тапшылығы бар мамандар болса, солармен тікелей жұмыс атқаратын боламыз.
Бірер жыл бұрын мемлекеттік қызмет «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен қамтылатын мамандықтар тізіміне кірді. Осы сала бойынша ауылдық жерлерге еңбек етуге барған кадрлар енді әлеуметтік қолдау да ала алады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.