Алматы облысында отызға жуық мектеп салынады
Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті.
Олқылықты реттеу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта 30-ға жуық жаңа білім ұясы салынады. Осылайша халық тығыз орналасқан аудандарда оқушылар тасымалындағы кемшіліктер жойылады. Бұл жөнінде өңірге жұмыс сапарымен барған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Сапар барысында министр облыстың білім саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, депутаттардың ұсынысын тыңдады.
Министрмен кездесуде депутаттар білім саласындағы бірсыпыра өзекті мәселелерді айтып қалды. Мысалы Талғар, Іле және Қарасай аудандарында халық тығыз орналасқан. Мектепке баратын бала көп. Ал оларды тасымалдау қиын. Биыл облыс әкімдігінен бес ауданға 40 автобус берілген. Бірақ ол жеткіліксіз. Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі де көтерілді.
Салтанат Беспаева6 білім басқармасының басшысы:
«18 мектепте не буфет, асхана да болмаған. Оларды жақын орналасқан мектептерде тасымалдау мен ұйымдастырып отырмыз. Жалпы 1, 4-сыныпта облыс бойынша 142 мың 371 оқушы бүгінгі таңда ыстық тамақпен қамтылып отыр».
Алматы облысында 353 мыңнан астам оқушы бар. Демографиялық өсім мен ішкі миграцияға байланысты жыл сайын оқушы саны 13-15 мыңға артып отырады. Биыл 9 мектептің құрылысы аяқталып, бесеуі тапсырылады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
«Жалпы үш аусымды мектеп пен апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу бағытында бүгінгі күні «Жайлы мектеп» бағдарламасы іске қосылды. Бірақ бұл жобаның аяқталу мерзімі жиырмы алтыншы жылға дейін белгіленіп отыр. Сондықтан кезең кезеңімен міндетті түрде сол жиырма алтыншы жылға дейін барлық тиісті ғимараттардың іске қосылып, аталған мәселелерлдің шешілуіне үлкен түрткі болатындығына сенімдімін».
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша облыста 3800-ден астам педагогті жұмысқа тарту жоспарланған. Сапар барысында министр білім мекемелері басшыларының ой-пікірін тыңдап, оқу озаттарының сұрақтарына жауап берді.
А.Садуақас. А.Дүйсембаев. А. Жөнкешов