Түркиялық жас ғалымдар Атырауға оқуға келді

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне түркиялық жас ғалымдар «Орхун» академиялық бағдарламасымен оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Каппадокия университетінің 2-ші курс магистранты Нұрай Явуз бен Эге университетінің 2-ші курс магистранты Сулейман Мете Дикмен қазақ тілі мен мәдениетін, тарихын терең тануға талпынып жүр. Олар аз уақытта қазақ тілін жақсы меңгеріп алғандарын айтады.

Түркі тілдерінің түбі бір болғандықтан ба, жас ғалымдар қазақы ортаға тез сіңісіп, құрбыластарымен ортақ тіл тауып үлгеріпті. Олар кез келген лекцияны аудармашысыз еркін түсінгені өз алдына, ойларын да еркін жеткізе алатындай дәрежеде. Сулейман Мите Дикмен – филология ғылымы, оның ішінде лингвистка, яғни әлем тілдерінің құрылымын, әлеуметтік қызметін, тарихи дамуын және оның жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласын зерттеп жүрген ғалым. Ал Нұрай Явуз тарихшы екен.

Нұрай Явуз, Каппадокия университетінің магистранты:

- Менің ойымша, қазақ халқы және түрік халқы бауырлас әрқашан. Біздің тарихымыз бір. Біз – бірміз. Сондықтан мен Атырау қаласында қазақ тарихын, мәдениеті мен тілін жақсы үйренгім келеді. Сосын Түркияға барып, түрік халқына дұрыс түсіндіргім келеді.

Жас ғалымдар көп уақытын университет кітапханасында өткізеді. Мұнда олар қазақтың көне тарихы мен ауыз әдебиеті үлгілерімен танысып жүр.  Жалпы аталған оқу орны Түркияның 20 университетімен келісімшарт жасасқан. Осы келісім негізінде студенттер мен жас ғалымдар араласып, тәжірибе алмасады.

Саламат Идрисов, университет ректоры:

- Түрік тілін университетте үйретуге байланысты арнайы шетелдік мамандар келіп, түрік тілін оқытып жатыр. АҚШ Елшілігінен де бізге волонтерлер келіп, ағылшын оқытады. Арғы мақсат – осы тілдерді меңгеру арқылы студенттердің, жастардың шетелдерге шығып білім алуына мүмкіндіктер туғызу.

Атырау университеті сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік 85 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасасқан. Былтыр шет елдерден 7 студент білім алуға келген еді. Биыл Польша мемлекетіне 9, Түркия еліне 8 атыраулық студент оқуға барады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов.