Павлодарлық ғалымдар мал азығының сапасын арттырмақ
Павлодарлық ғалымдар мал азығының сапасын жақсарту бойынша жаңашыл жобаларын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Басты мақсат – жем-шөптің құнарлығы арқылы сүт және еттің өнімділігін арттыру. Мамандар осы уақытқа дейін зерттеулер жүргізген. Олар бірінші кезекте азық құрамындағы протеин тапшылығын жою керек деген байламға келген. Мәселені шешу үшін жергілікті шаруа қожалықтарына ұсыныстарын айтып, бірлесіп жұмыс атқарды. Кешенді зерттеулер жемісін берді. Бірнеше шаруашылық ғалымдардың кеңесімен жем-азық дайындап, төрт түлікті қоректендірген. Нәтижесінде бір сиырдан алынатын сүттің жылдық мөлшері 8,5 мың литрге жеткен. Бұған дейінгі көрсеткіш 6 мың литрді құраған. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі уақытта нарықта мал азығына қажет қоспаларға сұраныс жоғары. Сондықтан протеин өндіруді өнеркәсіптік деңгейге көтеру қажет, - дейді олар.
Қайролла Ахажанов, Агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Оны шешудің 2 жолы бар осы күні. Бірінші – бұршақ тұқымдас өсімдіктердің егістік мөлшерін көбейту. Екіншісі – қоспалар. Неше түрлі протеинді қоспаларды азықтың рационына қосу арқылы осыны шешу. Біз осында мочевина қоспасының әртүрлі мөлшерін қосу арқылы малдың өнімділігін зерттедік.