ҚазҰУ мен ИСЕСКО ұйымы меморандумға қол қойды
«Адамзат тарихына Әл-Фарабидің қосқан үлесі». Осындай атаумен Мароккода халықаралық конференция өтті.
Оған Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы, Қазақстанның Мароккодағы Елшілігі ұйытқы болды. Жиынға 40 елден 300-ден астам ғалым қатысып, өздерінің ғылыми жұмыстарын ұсынды. Үздіктері арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ИСЕСКО ұйымы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар 2025 жылы Әл-Фарабидің 1155 жылдығын Исесконың атаулы даталар кестесіне енгізетін болып келісті.
Сәлім Әл-Мәлік, ИСЕСКО бас директоры:
- ИСЕСКО жастардың білім, ғылым саласына құштарлығын ашу бағытында біраз жұмыс атқарып келеді. Мәселен, Ислам әлемінің өркендеуіне үлес қосқан ғалымдарды атап өтуге болады. Әл-Фарабиге келер болсақ, оның адамзат тарихындағы орны ерекше. Келер ұрпаққа философия, музыка және тағы да басқа көптеген сала бойынша баға жетпес ғылыми еңбектер қалдырды.