Түркістан облысында «Жайлы мектеп» аясында 63 білім ошағы салынады
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп салынады.
Биыл 29 білім ошағының құрылысы басталады. Сарыағаш қаласындағы №2 жалпы орта мектебі 3 жыл бұрын апатты деп танылып, сүрілген еді. Енді соның орнына 300 орындық «Жайлы мектеп» салынып жатыр.
Қазір бұрынғы ескі мектептің орнында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бір жарым гектар аумаққа «Жайлы мектеп» бағдарламасымен жаңасы салынуда. Қазір нысан түсетін жердің табаны қазылып, іргетасын құю жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына 10-нан аса техника мен елуге жуық адам жұмылдырылған. Тамыз айында басталған нысанның құрылысы келер оқу жылында тапсырылады деп күтілуде.
Ердін Есбергенов, құрылыс компаниясының учаске бастығы:
- «Жайлы мектеп» болғандықтан бұның ішіндегі ерекшеліктерінен бөлек сырт жағында да өзгешеліктері өте көп балады. Жаңа форматта үлкен стадион болады сол жағымызда. Ал мына оң жақта әскери дайныдық алаңынан бастап, барлық жаттығу алаңдары осында орналастаын болады. Өз алдына газбен жанатын қазандығы болады. Бұның басқа мектепке қарағанда артықшылығы ішінде жайлы жағдайлар жасалады.
Бұдан бөлек Жаскешу ауылында да 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Бұл ауылдағы ыңғайластырылған мектепте білім алатын балалар да келесі жылы жаңа ғимаратқа көшіріледі. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы облыстағы 8 апатты мектептің үшеуінің және үш ауысымға өтуі мүмкін 21 мектептің 14-нің мәселесі шешіледі. Қалғаны «мың мектеп» жобасына енген.
Бауыржан Ахметов, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- 2025 жылға бізде облысымызда ешқандай үш ауысымды және апатты мектеп болмайды деп жоспарланып отыр. Бұл жобаға шамамен 315 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Биыл құрылысы басталадытн 29 мектептің конкурсы өтіп, 25-інің жеңімпазы анықталып отыр. Төртеуі қайта жарияланып жатыр.
Айта кетейік, Президенттің тапсырмасына орай өңірде 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында 63 жаңа мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Оның 29-ы келесі жаңа оқу жылында пайдалануға берілсе, қалған 34 мектептің құрылысы 2025 жылы толық аяқталады.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов