Талдықорған мектептерінде менторлық жоба іске асып келеді
Талдықорғанның мектептерінде қыркүйек айынан бері менторлық жоба іске асырылып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қаладағы 30 мектепке 30 ментор қабылданды. Олар білім ордасындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс істейді. Сол арқылы әлімжеттік, нашақорлық, буллинг және кибербуллингке тосқауыл қойып, суицидтің алдын алуға күш салады. Іріктеуден өтіп, біліктілігін арттырған мамандардың қызметі жобалық кеңсе арқылы үйлестіріледі.
Арнайы жоспар негізінде түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылады. Мәселен, №27 мектепте өткен кездесуге облыс прокуроры шақырылды. Сала басшысы оқушылардың сұрағына жауап берді. Әдеп, құқық жұмысы жөніндегі менторлар балалар арасындағы проблемаларға да талдау жасайды.
Нұркен Нұғманов, ментор:
- Бізде мектепте көп болатын нәрсе ол оқушылар арасындағы келіспеушілік, бір-бірінің сөзін көтере алмайды немесе оқушы мен мұғалімдер арасында, оқушылардың ата-аналарымен үйлерінде небір жағдайлар болады. Солардың алдын алу бағытында жұмыс істеп жатырмын.
Ілияс Түстікбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары
- Қыркүйек айынан бастап қарайтын болсақ, бірінші аптада 8, екінші аптада 13, үшінші аптада 15 болса, төртінші апта және қазан айларында 3-5 фактілерге дейін азайған жағдайлар бар.