Ақмола облысында үш мектептің құрылысы кешігіп жатыр
Ақмола облысында үш мектептің құрылысы созылып кетті.
Білім мекемелері былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ әлі дайын емес. Тіпті нысанның екеуінде құрылыс тоқтап қалған. Оқушылар қайда білім алып жүр?
Петровка ауылындағы 80 орынға шақталған мектептің құрылысы екі жыл бұрын басталған. Жергілікті халықтың қуанғаны рас. Алайда қуаныш ұзаққа созылмапты. Қазір құрылыс алаңында қарауылдан басқа тірі жан жоқ. Техника да тоқтап тұр.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Бүгінгі құрылыс жұмыстарының тек жартысы ғана орындалған. Мердігерлер болса, нысанды келер жылы ел игілігіне береміз деп сендіріп отыр. Ал бұл сөзге жергілікті халық сенер-сенбесін білмейді.
Анатолий Черников, ауыл тұрғыны:
- Мектептің ашылғанын асыға күтіп жүрміз. Әсіресе, оқушыларға қиын. Менің кенже қызым мектеп бітіруге жақын. Алғашқы кезде құрылыс барысының кестесі ілулі тұрған. Қазір ол да жоқ.
Ал ауылдағы 53 оқушы апатты жағдайдағы ескі білім мекемесінде оқып жатыр. Бір қабатты мектепте сынып бөлмесі де жетіспейді.
Елена Кулагина, Петровка негізгі орта мектебі директорының орынбасары:
- Қазір бізде сынып жетіспейді. Екінші мәселе спортзал жоқ. Дене шынықтыру сабақтарында оқушылар шахмат, шашки, теннис ойнайды. Сондай-ақ, бір сыныпты екіге бөліп, оқушыларды солай оқытып жатырмыз.
Біржан сал ауданына қарасты Бұланды ауылында да дәл осындай жағдай. 80 орынға арналған оқу ошағының екінші қабаты әлі көтерілмеген. Оқушылар болса орман шаруашылығының тар кеңсесінде білім алып жатыр. Ал жыр болған үш мектептің құрылысына бір мердігер ұйым жауапты.Бірнеше нысанды алған мердігер мекеме жергілікті емес, сондықтан, хабарласу мүмкін болмады. Алайда, жергілікті билік мердігерді міндеттейміз деп отыр.
Рауан Оспанов, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Бір мердігер үш мектепті алуына байналысты айтсам, оның бәрі мемлекеттік сатып алу заңы аясында жүргізілді. Қазір жобаның қымбаттауына байланысты Петровка мен Бұланды ауылындағы құрылысқа қазынадағы қаржы жетпейді. Ал Жаңа жол ауылындағы нысан жыл соңында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, мердігер ұйым кез-келген нысанды алғанда мемлекеттен қаржы түскенге дейін құрылысты өз есебіне жүргізуі шарт.
Жұмыстың тұралап қалуына құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болған. Сондықтан жоба құны тағы 30 процентке қымбаттап отыр.
Самира Тәйтенова, "Әділдік жолы" РҚБ облыстық филиалының сарапшысы:
- Бір оқушының бір орындық бағасы 9-12 млн теңгенің арасында. Ол бағаны өте қымбат деп санаймыз. Себебі оны салыстарғанда Назарбаев зияткерлі мектебі, «жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептерде бір оқушының орны 5 млн.теңге жуық қаражат бөлінген.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 14 мектеп пайдалануға беріледі. Оның бесеуі жаңа оқу жылының қарсаңында ашылды. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 білім беру нысанының құрылысы басталды.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный