С.Асфендияров атындағы медуниверситет стартаптар ұсынды
Алматыда адам өмірін құтқаруға арналған білезіктер, стоматологтарға қажетті бұлтты сервис пен басқа да инновациялық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде медициналық стартаптар мен инновациялық жобалардың Demo-Day шарасы өтті. Бұл алғашқы бірегей медициналық инкубациялық бағдарламаның жемісі. Ұйымдастырушылар мыңнан астам өтініштің ішінен үздігін таңдады. Осылайша ақтық сынға 24 стартап жоба өткен. Медицина саласын дамытуға өз үлесімді қоссам дейтін жас кәсіпкерлер, жобаларын инвесторларға, венчурлік қорлардың және ірі фармацевтикалық компаниялардың өкілдеріне таныстырды. Нәтижесінде 6 жоба қаржыландырылатын болды.
Аружан Қалиханова, студент:
- Өмірді құтқаратын браслеттер жасадым. Яғни ол бірінші медициналық көмекті тез көрсетуге арналған браслеттер. Егер де далада бір адам талып қалса онда кездейсоқ өтіп бара жатқан адам осы жердегі ақпаратты оқып, инсулин оң қалтада деген ақпартты оқып ол кісіге тез медициналық көмек көрсете алады. Және де сол пациенттің аллергиясы, байланыс номері жазылып тұрады. Жедел жәрдем дәрігерлері кодты сканерлеу арқылы науқастың Дамумед парақшасын көре алады.
Пахридин Мұхаметов, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бизнес-инкубаторының жетекшісі:
- Биыл QazInnovations-тің арқасында біз бизнес-инкубатор аштық. Ол кез келген студентке, ғалымға және дәрігерге өздерінің стартап жобаларын іске асыруға көмектеседі. Бұл стартап жобалар ұлттық инновациялық деңгейімізді арттырады.