Блім саласына қатысты қазақ-француз форумы басталды

Блім саласына қатысты қазақ-француз форумы басталды

Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары аясында жоғары білім саласындағы басшылар мен мамандардың бір тобы біздің елімізге келді.

Үш күн ішінде француз делегациясы Алматының бірқатар жоғары оқу орындарын аралайды.

Қазақстан мен Францияның жоғары оқу орындарының өкілдері халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективаларын анықтап, Қазақстанда жұмыс істейтін француз компанияларының инженерлер мен техниктерге деген қажеттілігі туралы ақпаратпен бөлісуді, «Болашақ» бағдарламалары мен ғылыми тағылымдамадан өту шарттары туралы көбірек білуді, сондай-ақ Erasmus+ бағдарламасы аясында Франция университеттері мен Қазақстан университеттері арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауды жоспарлап отыр.

Кеше Сәтбаев Университетінде өткен дөңгелек үстел жиынында Франция мен Қазақстанның ғалымдары мен оқытушылары геология және энергетика саласында кадрлар даярлау бойынша тәжірибе алмасып, алдағы ынтымақтастық қарым-қатынастың жоспарын айқындады. Франциядағы I2EN инженерлік мектебінің директоры Карен Даифукудің ойынша, екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы болашақ ынтымақтастық байланысы студенттермен алмасуды және өзара ғылыми іс-әрекетті ынталандыруы керек.

Сәтбаев Университетінде ядролық инженерия саласында қос дипломдық білім беру бағдарламасын іске қосуға біз дайынбыз. Бұл дарынды инженерлерге қажетті дағдыларды меңгеруге және Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға септігін тигізеді, - деді Карен Даифуку.

Францияның Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Фабрис Невё мырза өзінің жауап сөзінде қазақстандық және француз университеттері арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас одан әрі дамитынын атап өтті.

Кеше Астанада Макрон мырза қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті. Бұл француздар мен қазақтардың білім мен ғылымға деген құштарлығында ортақ қасиет көп екенін көрсетеді, – деді Невё мырза өз сөзінде.

Форум аясында Франция жоғары оқу орындары өкілдерінің делегациясы Алматыда NARXOZ университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қызметімен танысады.