Шығыс Қазақстан облысы жасанды интеллектке бет бұрды
Шығыс Қазақстан облысындағы өндіріс, коммуналды шаруашылық пен білім саласы жасанды интеллектке бейімделіп жатыр.
Өскемендік ғалымдар ақылды бағдарламалардың көмегімен көлік тұрақтарын бақылайтын құрылғы жасап шығарды.
Жергілікті ғалымдар жасанды интеллектіні IT бағдарламаларға қолданып жатыр. Мысалы мына зертханада студенттер машина құрастыруды үйренеді. Мұнда бүкіл процесс жасанды интеллект арқылы бақыланады.
- Он будет проверять как правильно выполнены те или иные действия, последовательность ли сохранена...
Студенттердің айтуынша, жасанды интеллектпен жұмыс істеу өте тиімді. Тіпті бағдарлама арқылы еліміздегі техникалық кадрларға қанша сұраныс бар екенін де есептеуге болады. Талапкерлердің қандай мамандықты таңдағанын да білуге мүмкіндік бар.
- С помощью алгоритмов искусственного интеллекта мы как раз анализируем по каким регионам мобильные группы во время набора хорошо работают...
Жасанды интеллект келешекте көлік тұрағы күзетшілерінің орнын алмастыруы да мүмкін. Ақылды технология көмегімен жүргізушілер бос орынды шұғыл таба алады. Тіпті көлікті қойған уақыт та көрсетіліп тұрады. Бұл кептелістің азаюына септігін тигізеді. Қазақстандық ғалымдардың жобасы Америка мен Малайзиядағы әріптестерін де қызықтырған.
Зарина Қасенова, цифрлы технологиялар мектебінің деканы:
- Біздің оқытушылар ІТ бағытта кадрларды даярлауда. Ол жерде олар осы жасанды интеллект құзыреттілігін алу үшін көптеген пәндерді оқытады. Сонымен қатар шет елден де профессорларды шақырамыз. Олар да өз кезегінде осы жасанды интеллект туралы кеңінен лекцияларын оқиды.
Нейрожелінің негіздері алдағы уақытта өңірдегі мектептерде қосымша сабақ ретінде оқылуы мүмкін. Мектеп оқушылары Мирас Ибраев пен Әлішер Ахметов жоғары оқу орнының қауіпсіздік жүйесінің моделін жасаған. Бұл арқылы ғимаратқа кіріп-шыққан адамдарды толық бақылауға болады.
Мирас Ыбыраев, оқушы:
- Қазіргі өзекті мәселенің біреуі ол мектеп мекемесіне бөтен адамдардың кіруі. Сол үшін осыған біз қарсы тұру үшін біз мектеп ішіндегі оқушыларды және оның жұмысшыларын танитын жобада жұмыс істеп жатырмыз. бұл жобада біз бөтен адамдардың бақылауын, бөтен адамдардың кіру уақытын, шығу уақытын және оларды беттерін базаға енгізетін боламыз.
Болашақта мемлекеттік бағдарламаларды басқаруда цифрлы технологиялар қолданылуы мүмкін. Президент келер жылы жасанды интеллект бойынша ұлттық платформаны іске қосуды тапсырды. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуі тиіс.
Өскеменнен Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин